
Астанада «Адал азамат – біртұтас ұлт» бағдарламасы және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «ЖасStar» студенттік КВН лигасының фестивалі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара елордалық «Жастар» сарайында ұйымдастырылды.
«Елорда прокуратурасының бастамасымен мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған, медиа тұлғалар, спортшылар, блогерлер және өзге де қатысушыларды қамтыған бірегей шығармашылық және мәдени фестиваль – «ЖасStar» өткізілді. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында прокуратура қызметкерлері уәкілетті органдармен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасында тұрақты түрде дәрістер, кездесулер, семинарлар, профилактикалық қойылымдар мен сахналық көріністерді бірлесіп көру, сондай-ақ жастарға арналған сот процестерін модельдеу сияқты іс-шараларды өткізеді», – деді Астана қаласы прокурорының көмекшісі Динара Тукеева.
Мұндай шаралардың басты мақсаты – қоғамда құқықтық тәртіпті қалыптастыру, құқық бұзушылық деңгейін төмендету, құқықтық мәдениет пен жауапкершілікті дамыту.
Фестиваль аясында дрон-соккер, робототехника бұрышы, сондай-ақ ұлттық ойындар – асық ату, тоғызқұмалақ, ләңгі ұйымдастырылды.
«Бұл ойындардың негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» бағдарламаларын жүзеге асыру. Бүгінгі іс-шара осы бағдарламалар аясында өткізіліп отыр. Біздің міндетіміз – студенттердің креативті индустриясын, мәдениетін, спортын және шығармашылық ойлау қабілетін дамыту», – деді «Жастар» сарайы директорының орынбасары және лига ұйымдастырушысы Әділ Орынбасаров.
Кешті «Астана KZ» командасының мүшесі, Жоғары лига ойыншысы, танымал тележүргізуші Нұржан Бейсенов жүргізді. Ойынға Астана колледждерінен 11 команда қатысты. Қазылар алқасы құрамында медиа тұлғалар болды.
Фестиваль әдейі ашық форматта өтті: студенттермен қатар мектеп оқушылары да қатысты.
«Мектеп оқушылары да қатысқысы келді, біз бас тарта алмадық. Сондықтан мұнда 9, 10, 11-сынып оқушылары да бар. Әзіл арқылы жастарға негізгі құндылықтарды жеткізе аламыз деп ойлаймын», – деді Әділ Орнбасаров.
Оның айтуынша, жастар түрлі тақырыптарды қамтыған – қалалық өмір, күнделікті тіршілік, танымал сериалдар мен қоғамда қызу талқыланып жатқан өзекті мәселелер.
«Бұл КВН туралы досымнан білдім. Ол үлкен фестиваль болатынын айтып, қатысуға ұсыныс жасады. Біз колледжден команда жинап, сценарий жазып, әзілдер ойлап тауып, осында келдік. Жақсы дайындалдық: түн ұйқымызды бөліп, сценарий жаздық.
Кейде бәрін өшіріп, қайтадан бастауға тура келді», – деді Сервис және туризм колледжінің студенті Арсен Наскребов.
Фестиваль қорытындысы бойынша бірінші орынды «И все-таки школьники» командасы иеленді. Екінші орынды «Мегаполис» және «Самира, Аягөз и ко» командалары бөлісті. Үшінші орын ЕҰУ колледжінің «ENUstan» және сервис және туризм колледжінің «Парламент» командаларына бұйырды.
Қатысушылар ақшалай сертификаттармен марапатталды, ал Гран-при жүлдесін «Вайб» командасы жеңіп алды. Сонымен қатар «Үздік актер» және «Үздік актриса» номинациялары да табысталды.