Көлік салығы: Астана бюджетіне 10 млрд теңгеден астам қаржы түсті

Көлік салығы: Астана бюджетіне 10 млрд теңгеден астам қаржы түсті

Астана қаласының бюджетіне жыл басынан бері жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық бойынша 10 млрд теңгеден астам қаржы түсті. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер департаменті мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ведомство мәліметінше, бүгінгі таңда көлік салығы бойынша берешек көлемі 7 млрд теңгені құрап отыр.

Департамент өкілдері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, салықты уақытылы төлемеген жағдайда әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептелетінін еске салады. Бұдан бөлек, берешегі бар азаматтарға қатысты мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады. Атап айтқанда, борышкерлерге хабарлама жолданып, салық бұйрығы шығарылады, сондай-ақ материалдар жеке сот орындаушыларына беріледі.

1 айлық есептік көрсеткіштен асатын берешек міндетті түрде мәжбүрлі түрде өндіріп алуға жатады. Ал салық бұйрығын орындау мерзімі 30 жұмыс күнін құрайды.

Қала тұрғындары өздерінің берешегін бірнеше ыңғайлы цифрлық сервистер арқылы тексере алады:
• МКК ресми сайты – kgd.gov.kz;
• eGov.kz порталы;
• eSalyq Azamat мобильді қосымшасы.

Сонымен қатар, елден шығуға уақытша шектеулердің бар-жоғын aisoip.adilet.gov.kz сайтынан білуге болады.

Астана қаласы МКД азаматтарды салықтық міндеттемелерін уақытылы орындауға шақырады. Бұл қосымша шығындардың алдын алып, қаржылық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Толығырақ ақпарат – 1414/3 нөміріне немесе @astana_mkd_dgd_astana Instagram парақшасы бойынша ала аласыз.