Астанада қыс мезгілінен кейін ауқымды тазалық жұмысы жүріп жатыр

Астанада қыс мезгілінен кейін ауқымды тазалық жұмысы жүріп жатыр

Астанада «Таза Қазақстан» акциясы аясында қалалық инфрақұрылымды санитарлық тазалау және жөндеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Жұмыс елорданың барлық алты ауданындағы аулаларды, көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді қамти отырып жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Қыс мезгілінен кейін қала аумағы тазартылды.

Коммуналдық қызметтер көктем-жаз кезеңіне көшіп, күнделікті көшелерді, аялдама павильондарын, көпірлерді, тротуарларды, жол белгілерін жуу, қоқыс шығару және басқа да жұмыстарды орындауда.

Биыл 173 қалалық локацияны абаттандыру жоспарланып отыр, оның ішінде 39 негізгі қоғамдық кеңістік бар. Арнайы назар жасыл желекті дамытуға аударылған: биыл елордада 1,1 миллионнан астам жасыл желек (бұталар, көшеттер, ағаштар) отырғызылмақ.

Байқоңыр ауданында тротуар төсемесін ауыстыру және орнату, Ақбұлақ өзенінің бойындағы қоршауларды жөндеу, тас төсемесін жаңарту жұмысы жүргізіліп жатыр.
Нұра ауданында тас төсемін төсеу және шеткі жиектастарды орнату жұмысы аяқталып, контейнерлер қойылып жатыр.

Қабанбай батыр және Тұран даңғылдарының қиылысында жол жұмысы аяқталып, жасыл желек отырғызу, брусчатка төсеу және абаттандыру элементтері орнатылады.

Төле би мен ЕК-13 көшелерінің қиылысында «Аллея справа» жобасы жүзеге асырылуда: негізгі абаттандыру элементтері орындалды, қазір орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылуда. Жұмыс кезең-кезеңімен, сапа мен тұрғындардың ыңғайлылығы ескеріле отырып жүргізіліп жатыр.

Есіл ауданында тротуар және гранит плиткаларын қалпына келтіру, брусчаткадағы ойықтарды жөндеу, сондай-ақ Сулы-жасыл желекжол, Есіл өзенінің бойындағы саябақ және басқа да қоғамдық кеңістіктерде жөндеу жүргізілуде.

Жөндеу-қалпына келтіру жұмысы барысында көшедегі бұзылған элементтерді ауыстыру, балалар ойын алаңдарын жөндеу, тротуар мен гранит төсемін қалпына келтіру, жиектастарды ауыстыру және басқа да жұмыстар жүргізілуде.

Сарыарқа ауданында Кенесары көшесінің жаяу жүргінші аймақтарын, жарықтандыруды және көшедегі инфрақұрылымды жаңарту, аулаларды абаттандыру және жаңа қоғамдық кеңістіктер ашу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Алматы ауданында негізгі көшелер мен жол жиегіндегі тротуарларды реконструкциялау және қоғамдық кеңістіктер мен аулаларда жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жоспарланған.

Сарайшық ауданында Р.Қошқарбаев даңғылын абаттандыру, жаяу жүргінші аймақтарын кеңейту, жарықтандыру орнату және қалалық орта элементтерін енгізу жұмысы жүргізілуде. Осы уақытта ағымдағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары да жалғасып жатыр.

Қалада санитарлық тазалау және инфрақұрылымды жөндеу жұмысы күнделікті негізде жүргізіліп, тұрғындарға тазалықты және жайлы өмірді қамтамасыз етуге бағытталған.