Астанада аутизм мәселесіне арналған «Кино апталығы» өтті

Астанада аутизм мәселесіне арналған «Кино апталығы» өтті

Астанада аутизм мәселесіне қоғам назарын аудару, ерекше білім беруге деген қажеттіліктері бар балаларды қолдау және инклюзивті мәдениетті қалыптастыру мақсатында арнайы іс-шаралар өтіп жатыр. Олардың бірі – Ы.Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылған «Кино апталығы» әлеуметтік жобасы, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Аталған іс-шараға педагогикалық ұжым мен білім алушылар ұйымшылдықпен атсалысты.

«Кино апталығының» мақсаты – аутизм спектрі бар адамдардың ерекшелігін түсіндіру. Оларды түсініп, қабылдау үшін тек фильм көрсетумен шектелмей, арнайы жаттығулар да ұйымдастырылды.

«Іс-шараға қатысқан барлық бала мен ересектерге арнайы билет таратылады. Сол билеттер арқылы олар киноға кіреді. Апта бойы сыныптардың сабақ кестесіне сәйкес 6 көрсетілім ұйымдастырылмақ. Онда америкалық аутизмі бар әйел Тэмпл Грандин туралы әйгілі биографиялық фильм көрсетіледі. Айта кетейік, осы ерекшелігіне қарамастан зоотехник-ғалым, профессор, атанған тұлға мал шаруашылығында революция жасап, ет өңдеу зауыттарында жануарларды қалай тыныштандыруды ойлап тапқан», – деді Ы.Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназиясының инклюзивті оқыту менеджері Гүлжаһан Жахина.

Оның айтуынша, мектептің инклюзивтік оқыту бағытында үлкен тәжірибесі бар. Оқу ордасы 10 жылдан бері ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеп келеді.

Сондай-ақ Астана қаласы Білім басқармасының бас маманы Гүлшат Исинова инклюзивті білім берудің маңыздылығына тоқталды.

«Бұл күн қоғам үшін өте маңызды, себебі аутизм деген не екенін, аутизм спектрі бұзылысы бар адамдармен қалай қарым-қатынас жасау қажеттігін көбірек ұғына аламыз. Өкінішке қарай мұндай балалардың саны артып келеді. Қазіргі таңда елордада 18 жасқа дейінгі 4 500 бала аутизммен тіркелген.

Біздің мақсатымыз – инклюзивті білім беру. Яғни, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беретін мектептің қалыпты ортасында оқыту. Біз оларды бөліп-жармаймыз, керісінше ортаға бейімдеуге тырысамыз. Мұндағы басты назар – осындай балалардың әлеуметтенуіне аударылады. Яғни, оларды басқа адамдармен қарым-қатынас жасауға үйрету және қарапайым тұрмыстық дағдыларын қалыптастыруға басымдық беріледі», – дейді Астана қаласы Білім басқармасының бас маманы Гүлшат Исинова.