Автокөлік өртінің алдын алу: елордалық құтқарушылар жүргізушілерге ескерту жасады

Автокөлік өртінің алдын алу: елордалық құтқарушылар жүргізушілерге ескерту жасады

Елордалық құтқарушылар автокөлік өртінің алдын алу мақсатында профилактикалық акция өткізді. Іс-шара Асқар Забикуллин атындағы №6 арнайы өрт бөлімшесінің аумағында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Қалалық ТЖД жүргізген талдау нәтижесінде, автокөлік өртінің негізгі себептері – электр жабдықтарының істен шығуы, қысқа тұйықталу және жанармай материалдарының ағуы. Қосымша тәуекел факторларының қатарында техникалық қызмет көрсетудің уақытылы жүргізілмеуі және көлікті пайдалану ережелерінің бұзылуы бар.

Құтқарушылар әсіресе қыс мезгіліне ерекше назар аударады. Бұл уақытта өрт шығу ықтималдығы артады, себебі жүргізушілер қосымша жылыту құралдары мен автоқосу жүйелерін жиі қолданады, бірақ қауіпсіздік талаптарын елемейді.

Шара барысында қалалық ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев автокөлік иелерін негізгі сақтық шараларын орындауға шақырды. Атап айтқанда: техникалық қызмет көрсетуді уақытылы жүргізу, электр сымдарының жағдайын қадағалау, өз қолымен жасалған құрылғыларды пайдаланбау және көлікті жарамды өрт сөндіргішпен жабдықтау.

Сонымен қатар жүргізушілерге қозғалтқышы іске қосылған автокөлікті қараусыз қалдыру, әсіресе жабық орындарда және тұрғын үйлердің маңында, қауіпті екені ескертілді.

Өрт шыққан жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласып, адамдарды қауіпсіз қашықтыққа шығару шараларын қабылдау қажет.