
«Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2-3 курс студенттері үшін қаржылық қауіпсіздік тақырыбында лекция өткізілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Лекцияны ұйымдастырушы – Астана қаласы Экономикалық тергеу департаменті. Іс-шараға шамамен 300 студент қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – студенттерді 2026 жылғы Ұлттық қаржылық қауіпсіздік олимпиадасына қатысу мүмкіндіктері туралы хабардар ету. Олимпиаданың басты міндеттері – жастардың қаржылық қауіпсіздік саласындағы тұрақты білім мен дағдыларын қалыптастыру, сыни ойлау қабілетін дамыту, сондай-ақ заманауи экономикалық қауіптер туралы хабардарлығын арттыру.
Студенттерге Олимпиадаға қатысу жолдары жан-жақты түсіндіріліп, жобаға белсенді қатысуға шақырылды. Бұл іс-шара тек жеке дамуға ғана емес, сонымен бірге еліміздің қаржылық қауіпсіздігін нығайту үшін де маңызды екені атап өтілді.
Лекция барысында қазіргі қаржылық қауіптерге қатысты өзекті мәселелер де қаралды. Оған дропперлік, дипфейктерді пайдалану және басқа жаңа алаяқтық схемалар кіреді. Қатысушыларға құқыққа қарсы әрекеттерге тартылу механизмдері түсіндіріліп, өз қаржысы мен жеке деректерін қорғауға арналған практикалық кеңестер берілді.
Осындай іс-шаралар жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, жеке және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді.