
Астана іргесіндегі «Арғымақ» ат спорты-сауықтыру кешенінде жаңа маусымның алғашқы жарысы саналатын конкурдан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ауқымды додаға Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы облысынан 19 шабандоз бен 34 ат қатысып жатыр.
Олар сайыс барысында биіктігі 120, 130, 140 см құрайтын кедергілерде сайысқа түседі.
«Жабық кешендегі чемпионатта еліміздегі мықты шабандоздар сынға түсуде.
Жарыс қорытындысы бойынша, мықтыларды іріктеп, сәуір айында Ташкент, Бішкек және Астана қалаларындағы әлемдік кезеңге жібереміз.
Биылғы жылдың басты мақсаты – күздегі жазғы Азия ойындарына жолдама алу. Маусым барысын қарап, толықтай шешім шығаратын боламыз», – деді ат спорты федерациясы бас хатшысының міндетін атқарушы Азат Толкунбеков.
Конкурдың басты ерекшелігі – әйелдер мен ерлер жынысы, жасы бойынша бөлінбей, бірге сайысқа түсе береді.
Бүгінгі жарыс күні биіктігі 120 сантимерді құрайтын кедергіден секіру бойынша жеңімпаз атанғандар:
1-орын: Раиса Соколенко (Клюголд) – 1:02.72; 2-орын: Олег Соколенко (Кореандр вант лозерхоф Зет) – 1:02.94;
3-орын: Олег Соколенко (Кореандр вант лозерхоф Зет) – 1:04.72.
Жарыстың толық жеңімпаздары 29 наурыз күні анықталады.
Айта кетейік, конкур сайысынан өткен жылы Астана қаласы ұзақ жылдардан кейін Еуразия Лигасы Әлем Кубогының кезеңін қабылдаған болатын.