
Астана «Жер сағаты» жаһандық экологиялық акциясына қатысты. Биыл елордалық іс-шара «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өтті. Акция барысында жергілікті сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін елорданың бірқатар сәулеттік нысандарының сыртқы сәндік жарығы уақытша сөндірілді.
Акция аясында қала тұрғындары үшін «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында ауқымды интерактивті іс-шара ұйымдастырылды. Елордалықтар қоршаған ортаны қорғау тақырыбындағы сұрақ-жауап ойынына қатысып, табиғатқа қамқорлық жасау мен экологиялық жауапкершілік туралы жан-жақты ақпарат алды. Белсенді қатысушылар Stop musor әлеуметтік жобасы мен серіктестер ұсынған арнайы сыйлықтарға ие болды.
Танымдық іс-шара өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты. Көрермендер Інжу Мәліктің орындауындағы «Сәлем саған туған ел» әнін, Арнат Сейсенбай шырқаған «Дружба - добрая планета» әнін, «Адажио» студиясының «Мұхит тынысы» биін, Айсана Төлеген ұсынған «Әгугәй домбыра» әнін, Мөлдір Заманбекова мен Мәриям Заманбектің орындауындағы «Мама»
және «Астана» әндерін тамашалады.
Жаһандық акцияның басталатын уақыты жақындағанда, қала тұрғындары ұйымдастырушылармен бірге кері санақ жүргізіп, елорда ғимараттарының сыртқы жарығының бір мезетте өшуіне өз үлестерін қосты.
Акцияның негізгі мақсаты – адамдардың назарын Жер ресурстарын ұқыпты әрі жауапкершілікпен пайдалануға аудару. Бұл – Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) бастамасымен өтетін жаһандық акция. Жыл сайын әлемнің 180 елінде миллиондаған адам бір сағатқа жарық пен электр құрылғыларын сөндіреді.
Интерактивті іс-шараны «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, «Жасыл экономика және G-Global дамыту коалициясы» ЗТБ және Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырды.
«Бүгінгі «Жер сағаты» акциясына қосылған 2 миллиард адам табиғатты қорғау ісіне белсенді қатысып отырғанын көрсетті. Әсіресе қалаларда энергия тұтыну жоғары, сондықтан 8 мыңнан астам қала акцияға қосылды. Кейде адамдар коммуналдық тарифтердің өскеніне шағымданады, әсіресе энергия мен суға қатысты. Бұл бізді энергия мен суды тиімді пайдалану жолдарын іздеуге шақырады», - деді «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Айгүл Соловьева.