Астанада кезекті «Тәуелділікті спортқа айырбаста» акциясы өтті

Астанада кезекті «Тәуелділікті спортқа айырбаста» акциясы өтті

Астанадағы саябақтардың бірінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында вейп пен темекі өнімдерін спорттық жабдықтарға ауыстыру акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға елімізге танымал гір спортының шебері – 26 дүркін әлем чемпионы, 18 дүркін Қазақстан чемпионы, ҚР Құрметті спорт қызметкері Серік Абдахин қатысты. Ол қала тұрғындарына, әсіресе жастарға электронды темекі, насыбай және вейптің зияны туралы кеңінен түсіндірді.

Гір спортының майталманы, ардагер спортшы Серік Абдахин 62 жасында да спортпен белсенді айналысып келеді.

«Бүгін қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған ерекше акцияға қатысып отырмын.

Орталық саябақта жастармен кездесіп, вейп немесе электронды темекі тұтынатын азаматтарға өз құрылғыларын спорттық құрал-жабдықтарға ауыстыруды ұсынып, оның маңызын түсіндірдік.

Барлығымызға белгілі, қазіргі таңда жастар арасында насыбай мен вейп кеңінен таралып барады. Бұл – денсаулыққа зиянды әдет.

Сондықтан жаман әдеттен арылып, салауатты өмір салтын таңдауға шақырамын.

Спортпен айналысу – денсаулықтың кепілі», – деді Серік Абдахин.

Акция барысында көптеген тұрғын ұсынысты қуана қабылдап, зиянды әдеттен бас тартып, оның орнына спорттық жабдықтарды таңдады.

Аталған шара елорда тұрғындары арасындағы вейпке тәуелділік деңгейін төмендетуге бағытталған.

Акцияның басты мақсаты – темекі өнімдерін спорттық құрал-жабдықтарға айырбастау арқылы салауатты өмір салтын насихаттау.