Астанада «Жер сағаты» экоакциясына орай интерактивті іс-шара өтеді

Астанада «Жер сағаты» экоакциясына орай интерактивті іс-шара өтеді

28 наурыз күні бүкіл әлемде адамдарды табиғи ресурстарды орынды әрі жауапкершілікпен тұтынуға үндейтін халықаралық «Жер сағаты» акциясы өтеді. Бұл маңызды экологиялық бастамаға Астана қаласы да қатысады. Акция аясында елордадағы «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында интерактивті іс-шара ұйымдастырылады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Жер сағаты» – дүниежүзілік жабайы табиғатты қорғау қоры (WWF) бастамасымен өтетін халықаралық акция. Оның барысында ұйым қоршаған ортаны және ғаламшардың экожүйелерін сақтау мәселелеріне, әсіресе жаһандық климаттың өзгеруіне назар аударту мақсатында бір сағатқа ғимараттар мен ескерткіштердің жарығын, сыртқы жарықтандыруды және тұрмыстық қосымша электр құрылғыларын өшіруге шақырады.

Биыл Астанадағы «Жер сағаты» акциясы «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында өтеді. Сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін елордадағы ондаған нысан жарығы мен сәндік шамдарын бір сағатқа сөндіреді.

«Хан Шатырдағы» іс-шара сағат 19:30-да қонақтардың құттықтау сөзімен басталады. Осыдан кейін келушілер арасында «Stop musor» әлеуметтік жобасы мен серіктестерінің сыйлықтары табысталатын викторина ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарлама елордалық әртістер мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өтетін концертке ұласады.

«Жер сағаты» акциясының басталуына бір минут қалғанда кері санақ жүргізіліп, одан кейін қала бойынша нысандардың жарығы өшіріледі.

Іс-шараны ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ және «Жасыл экономика және G-Global дамыту коалициясы» ЗТБ ұйымдастырып отыр.

Бүгінде «Жер сағаты» – әлемдегі ең ауқымды экологиялық акциялардың бірі. Оған 175-тен астам ел мен 8 мыңға жуық қалада 2 миллиардтан астам адам қатысады.