
Шығыс Қазақстан облысында мерзімді әскери қызметін өтеп келген алғашқы сарбаздарды елорда вокзалында жақындары салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
ШҚО-ның ҰҚК Шекара қызметі департаментінен 2025 жылғы көктемгі шақырылыммен әскерге алынған 41 жас жігіт елордаға оралды. Олар Шығыс Қазақстандағы мемлекеттік шекарада қызмет етті.
Елордаға келген қатардағы жауынгер Жексембай Самат өз әсерін былайша жеткізді:
«Шекарадағы бір жылдық қызмет маған тәртіпті, жауапкершілікті үйретті және отбасымен бірге өткізетін әр сәттің қадірін түсінуге көмектесті. Туған-туыс, достарымның ортасына қайта оралғаныма қуанып отырмын», – деді ол.
Сарбаздарды қарсы алуды Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен ҚР ҰҚК Шекара қызметі ұйымдастырып, ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.
Әсіресе ұлдарын күтіп алған аналардың қуанышында шек болмады, олар жылы лебіздерін білдіріп, көз жасына ерік берді, әскери қызметкерлерге алғысын жеткізді.
Ал елордадан шығыс шекараға жаңа шақырылған жас сарбаздардың кезекті легі аттанып кетті.