
Астанада 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күніне орай Нұра ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұйымдастыруымен елордалық тұрғындар үшін мазмұнды әрі ұлттық нақышқа бай мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мереке «Астана Арена» алдындағы этноауылда ұйымдастырылып, ұлттық дәстүр мен өнерді ұлықтаған ерекше думанға ұласты.
Таңғы сағат 10:00-де басталған мерекеде қонақтар қазақтың салт-дәстүрімен етене танысып, этноауылдағы түрлі көріністерге куә болды. Қазақ үй ішінде ақсақалдар – Зарубек Асанов, Қошқар Мырзахметов, Әшім Жылқайдаров және Ағзам Үмбетияров жиналған жұртшылыққа ақ батасын беріп, ізгі тілектерін арнады.
Сондай-ақ, «Бабалар аманаты» атты көрме аясында әжелер ұршық иіріп, жүн өңдеп, тоқыма тоқу секілді ұлттық қолөнердің қыр-сырын көрсетті. Бұл көрініс жастарға өнеге болып, ұрпақтар сабақтастығын айшықтай түсті.
Қазақ үй сыртында «Нұра сазы» этно-фольклорлық ансамблі, сондай-ақ «Атамекен» және «Нұра әуендері» шығармашылық ұжымдары кезек-кезек өнер көрсетіп, әсем әнмен мерекенің ажарын аша түсті.
Мерекелік шараның шарықтау шегі «Астана Аренада» өткен «Хош келдің – Әз Наурыз» атты концерттік бағдарлама болды.
Концерт халықаралық байқаулардың Гран-при иегері «Қыздарай» халықтық би ансамблінің «Наурыз көктем» биімен ашылды.
Кеш барысында «Атамекен» ансамблі «Шолпан», «Жайлаукөл кештері», «Ақтамақ» әндерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, Жанат Боранқұлова, Гүлбайра Кенжебекова, Зарубек Асанов, Рамазан Құрманбаев, Амангелді Насипбаев, Жанаргүл Досполова сынды өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды.
Бағдарлама аясында «Ақ бата» клубының «Тамыр» атты дефилесі көпшілік назарына ұсынылса, «Қыздарай» ансамблі «Би билейік» қойылымымен мерекелік көңіл-күйді одан әрі жандандыра түсті. Сонымен қатар, «Үкілім-ай» ансамблі, Ерғали Закариянов, Гүлжанат Шекербаева, Әлия Қойжанова, Қарлығаш Қизатова және Сәния Рахимбаева сынды өнер иелері халық әндері мен танымал туындыларды орындап, кештің көркін қыздырды.