Digital алаңдар, жәрмеңкелер мен концерттер: Астанада Наурыз тойы тойланып жатыр

Digital алаңдар, жәрмеңкелер мен концерттер:  Астанада Наурыз тойы тойланып жатыр

Елордада Наурыз мейрамына арналған ауқымды іс-шаралар жалғасып жатыр. Мерекенің басты орталықтарының бірі – EXPO аумағында жәрмеңкелер, концерттік және digital алаңдар ұйымдастырылған, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Көрме орталығының кіреберісінде келушілер иммерсивті әсер беретін 12 метрлік LED-туннельге енеді.

Ондағы қозғалыстағы бейнелер адамның өзін сол көріністің ішінде жүргендей сезіндіреді.

Одан әрі «Жеті қазына» голографиялық көрмесі орналасқан. Мұнда бейнелер экранда шынайы әсер сыйлайды. Жақын маңда ұлттық ойыншықтар қойылған үлкен балалар аймағы бар.

Сондай-ақ, мұнда Nauryz Kitap Fair кітап жәрмеңкесі мен AI Sport интерактивті аймағы жұмыс істейді.

Жеке алаңда қамзол, шапан секілді ұлттық киімдер сатылуда. Заманауи үлгіде тігілген бұйымдарда ұлттық нақыш сақталған.

EXPO аумағында 50-ге жуық отандық өндіруші қатысатын азық-түлік жәрмеңкесі де ұйымдастырылған.

Кейбір сатушылар ұлттық музыкалық аспаптарды ұсынып қана қоймай, оларда қалай ойнау керектігін де көрсетіп жатыр.

Айнала фотоаймақтар мен ұлттық ою-өрнектермен безендірілген, келушілер жиі тоқтап, суретке түсіп, әрбір детальді қызыға тамашалауда.

Қонақтардың ерекше қызығушылығын алматылық апорттан жасалған өнімдер – шырындар, снектер мен алма езбесі тудырды.

Сахналарда әртістер би және хорлық қойылымдар ұсынуда. Ал көрші залда балаларға арналған ертегі-қойылым көрсетіліп жатыр.

Ашық аспан астында үлкен қазандарда тағам дайындалып, ыстық сусындар ұсынылуда. Сонымен қатар тәтті мақта мен попкорн сатылып жатыр.

Жақын маңда ересектер арасында қошқар көтеру, гір тасын көтеру, асық ату, тоғызқұмалақ және басқа да ұлттық ойындар бойынша жарыстар өтіп жатыр.