
Астанада жалпыұлттық «Наурызнама» онкүндігі аясында құқықтық мәдениетті арттыруға, цифрлық сауаттылықты дамытуға және жастар мен қала тұрғындары арасында жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған «Заң мен тәртіп» іс-шаралар кешені өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шаралардың негізгі алаңы Халықаралық EXPO көрме орталығы аумағында орналасқан «Заң мен тәртіп» тақырыптық киіз үйі болды.
Мұнда күн сайын ағартушылық, интерактивті және әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бағдарлама құқық бұзушылықтың алдын алу, киберқауіпсіздік және салауатты өмір салтын насихаттау бағыттарын қамтиды.
Келушілер үшін QR форматында кибергигиена бойынша тестілеу ұйымдастырылып, оқыту материалдарына қолжетімділік берілген. Сондай-ақ киберқауіпсіздік және есірткіге қарсы іс-қимыл тақырыбында дәрістер өткізіліп, қазақ және орыс тілдерінде интерактивті викториналар (Kahoot) ұйымдастырылған. Қазіргі заманғы технологиялар – робот-ит пен полицей дроны көрсетілуде.
Сонымен қатар «Вейпті спорт құралына айырбаста» атты әлеуметтік акция және «Заң мен тәртіп» бағыты бойынша тестілеу жүргізіліп жатыр.
Жобаның мақсаты – құқықтық сананы қалыптастыру, халықтың цифрлық қауіпсіздік деңгейін арттыру, зиянды әдеттердің алдын алу және заңға бағыну мәдениетін нығайту.
Іс-шаралар ашық форматта өтіп, еріктілердің қатысуымен, LED-экрандардағы тақырыптық контентпен және ақпараттық материалдар таратумен сүйемелденуде.