AI Sport және робот-қақпашы: елордада заманауи технологиялар Наурыз мейрамының қызығын арттырды

AI Sport және робот-қақпашы: елордада заманауи технологиялар Наурыз мейрамының қызығын арттырды

Халықаралық EXPO көрме орталығында дәстүр мен технология тоғысқан ерекше интерактивті алаң ұйымдастырылды. Ең тартымды локациялардың бірі AI Sport аймағы болды. Мұнда кез келген адам цифрлық көмекшілермен бірге спорттық жарыстарда өз күшін сынап көрді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қонақтардың ерекше назарын робот-қақпашы аударды. Астаналықтар пенальти сериясында өз шеберліктерін сынап, қарсылас ретінде адам емес, интеллектуалды машинамен бақ сынасты.

Робот доптың траекториясын лезде талдап, ойынды бір мезгілде әрі қызықты, әрі технологиялық етті.
Спорттық бағдарлама заманауи әзірлемелер мен ұлттық дәстүрлерді ұштастырды. Келушілер технология көмегімен жаңаша бейімделген қазақтың ұлттық ойындары – қазақша күрес, асық ату және т.б. сынап көрді. Бұл салт-дәстүрлерге жаңа қырынан қарауға мүмкіндік берді.

Интерактивті аймақ мерекенің негізгі қызықты орындарының біріне айналып, инновациялардың дәстүрлі спортты жаңғыртып, қонақтарды Наурыз атмосферасына енуіне қалай ықпал ететінін көрсетті.

Еске сала кетейік, «Наурызнама» онкүндігі аясында елордада 200-ден астам іс-шара – концерттер мен мастер-класстардан бастап ұлттық ойындар, жәрмеңкелер және әсерлі салт-дәстүрлерге дейін өтіп жатыр.