Астанада Наурыз мерекесіне орай «Жеті қазына» голографиялық шоуы ашылды

Астанада Наурыз мерекесіне орай «Жеті қазына» голографиялық шоуы ашылды

Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында Наурыз мейрамы тойланып жатыр. Мұнда келушілер үшін AI-Наурыз аясындағы ең әсерлі аймақтардың бірі «Жеті қазына» голографиялық көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Заманауи голографиялық экрандар, жарық және динамикалық визуалды эффектілер арқылы келушілерге қазақ халқының жеті құндылығы таныстырылады. Бұл – елдің берекесі мен қуатының, рухани мұрасының символдық негізі.

Әрқайсысы жеке көрініс ретінде ұсынылып, технологиялар дәстүрдің терең мәнін сезінуге мүмкіндік береді.
Голографиялық көрме таныс ұғымдарды цифрлық саяхатқа айналдырады. Бір кеңістікте өткен тарих пен бүгінгі заман тоғысып, көне мәдени белгілері заманауи технологиялардың көмегімен «жан біткендей» әсер қалдырады.
Аталған көрме AI-Наурыздың негізгі тартымды орындардың біріне айналып, инновациялардың мәдени мұраны жаңаша танытудағы мүмкіндігін көрсетіп отыр.

Еске салайық, «Наурызнаманың» онкүндігі аясында қалада 200-ден астам іс-шара өтіп жатыр. Олардың қатарында жұлдыздардың қатысуымен өтетін концерттер, ұлттық ойындар, жәрмеңкелер, шеберлік сабақтары мен дәстүрлі рәсімдер бар.