
Астанада №98 мектеп-лицейде Наурызнама онкүндігінің Ұлттық спорт күніне арналған отбасылық сайыс өтті. Қалалық деңгейде ұйымдастырылған сайысқа бірнеше мектептен жиналған отбасылар қатысып, зияткерлік және спорттық кезеңдер бойынша бақ сынады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Бүгін Наурызнама онкүндігінің Ұлттық спорт күніне орай мектебімізде қалалық деңгейде отбасылық ұлттық ойындар сайысын ұйымдастырып отырмыз. Біздің басты мақсатымыз – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы арасындағы байланысты нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау. Сайыс екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы зияткерлік бөлім. Онда қатысушыларға Наурыз мерекесі мен ұлттық дәстүрлерге қатысты сұрақтар қойылды. Бұл кезеңде отбасылардың білім деңгейі мен танымы сынға түседі», – деді №98 мектеп-лицейінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гауһар Әнуарбекқызы.
Жарыстың екінші кезеңі ұлттық ойындарға арналды. Қатысушылар ептілік пен шапшаңдықты талап ететін дәстүрлі ойындар арқылы өзара бәсекеге түсіп, бірлік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті.
Бүгінде ұлттық спорт түрлері жаңғырып, түрлі деңгейдегі жарыстар мен мерекелік іс-шараларда кеңінен насихатталып келеді. Мұндай сайыстар халықтың мәдени мұрасына деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, салауатты өмір салтын қалыптастыруға да ықпал етеді.