
Астанада Достық үйінің алаңында «Қош келдің, әз Наурыз» атты мерекелік ауқымды іс-шара өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Оған дипломатиялық өкілдіктердің елшілері, Қазақстан халқы ассамблеясының, Астана қаласы әкімдігінің, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, елордалық ҚХА мүшелері, қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Жиынның ашылу салтанатында сөйлеген Астана қаласының ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов жиналған қауымды құттықтап, халқымыздың рухани жаңғыру мерекесінің татулық пен бірліктің символына айналғанына тоқталды.
Ақсақалдар атынан Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев елдің амандығын тіледі.
Бұл күні Достық үйінің алаңы қонақтарға толы болды. Мерекелік концерттік және ойын-сауық бағдарламасымен қатар арнайы тігілген киіз үйлер мен алтыбақан наурыз мерекесінің көркін кіргізді. Қазандарда наурыз көже қайнап жатса, ұлттық ойындарға да кезек берілді. Қол күрес, қазақша күрес, асық ату, гір көтеру сияқты ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өз жеңімпаздарының мерейін үстем қылды. Жеңімпаздар алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.