
Астанада «Наурызнаманың» онкүндігі аясында «Арғымақ» ат спорттық-сауықтыру кешенінде ұлттық спорт түрлерінің ерекше көрсетілімдері өтті. Іс-шара Ұлттық спорт күніне орай өткізілді және көшпелі мәдениет мұрасын есте сақтаудың ерекше үлгісі болды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Келген көрерменге мынадай қызықты жарыстар көрсетілді:
• Қыз қуу – ат үстіндегі жігіттің қыздың соңынан қууы, мұнда икемділік пен жылдамдық маңызды;
• Теңге ілу – шауып бара жатып, жерден тиын іліп алу;
• Көкпар – командалық жарыс;
• Аударыспақ – ат үстінде өткен айқас, күш, төзімділік және тепе-теңдікті талап етеді.
«Арғымақ» ипподромының директоры Аманжол Хасенов ұлттық спорт түрлері тек бәсекелестік қана емес, халықтың мәдени кодының бөлігі екенін, өзінің философиясы бар екенін атап өтті.
«Бәріңізді Ұлттық спорт күнімен құттықтаймын! Біз оны Наурыз алдында атап өтеміз. Біз бұл ойындарды тек көрсету үшін ғана ұйымдастырған жоқпыз, олар – халқымыздың өмір салты. Бүгін осында әртүрлі ұлт өкілдері қатысып отыр – қазақтар, әзірбайжандар, ингуштар, немістер. Бұл ойындар барлығының басын қосып отыр, өйткені олар ұзақ уақыттан бері Қазақстанның жалпы мәдениетінің бір бөлігі болып келеді. Қазіргі уақытта ұлттық ат спорты түрлері дамып келеді: өткен жылы олар олимпиадалық пәндермен бірге басым бағытқа енгізілді.
Мемлекеттің осы саланы қолдауы маңызды, себебі бұл ата-бабамыздан жеткен дәстүрлерді сақтау мәселесі», – деді Аманжол Хасенов.
Оның сөзінше, әр спорт түрінің өзіндік философиясы бар.
«Мысалы, қыз қуу – тек қуу емес, оның мәні – ер жігіт қызға лайық болуы керек, оны қуып жету, күш пен икемділігін көрсету. Осы ойындар тек физикалық күш туралы ғана емес, тарих, мәдениет, жеріміздің түп-тамыры туралы», – деп атап өтті «Арғымақ» ипподромының директоры.
Көрсетілімнен кейін қонақтарға мерекелік ас ұсынылды.