Астанада «Ұлттық ойындар керуені» бірыңғай республикалық акциясы өтіп жатыр

Астанада «Ұлттық ойындар керуені» бірыңғай республикалық акциясы өтіп жатыр

Астанада «Наурызнаманың» онкүндігі аясындағы Ұлттық спорт күнінде білім беру ұйымдарында «Ұлттық ойындар керуені» атты бірыңғай республикалық акция өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Осындай іс-шаралардың бірі Ыбырай Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылып, Астана қаласының білім беру қызметкерлерінің арасында қазақ күресінен командалық жарыс өтті.

Жарыстың ашылу салтанатына Астана қаласы Білім басқармасының, Астана қаласы қазақ күресі федерациясының, Астана қаласының Білім беру қызметкерлері кәсіподағының өкілдері қатысып, палуандарға сәттілік тіледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шара жастарды салауатты өмір салтына баулу мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Аталған жарыс білім басқармасының және кәсіподақ ұйымының қолдауымен өткізілуде.
«Өздеріңіз білесіздер, Наурызнама онкүндігінде әр күн белгілі бір тақырыпқа арналған. Соның бірі – Ұлттық спорт күні. Биыл мұғалімдер арасында өтетін спартакиада осы атаулы күнмен тұспа-тұс келіп отыр. Биылғы спартакиаданың жаңашылдығы сол – спорт түрлерінің қатарына қазақ күресі енгізілді.

Аталған жарыс білім беру мекемелерінің қызметкерлері арасында өтіп жатыр. Сайысқа тәжірибелі, білікті ұстаздар қатысады. Жалпы, жарысқа кез келген пән мұғалімі қатыса алады. Алгебра, қазақ тілі немесе дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болсын, ешқандай шектеу жоқ.

Қатысушылар тек жас ерекшелігі мен салмақ дәрежесіне қарай бөлінеді. Команда құрамы 5 адамнан тұрады. Олар 60, 66, 74, 82, +90 келі салмақ дәрежесінде өзара бақ сынайды. Нәтижесінде жеңіске жеткен командалар келесі кезеңге өтеді.

Бүгінгі сайыс тартысты да қызу өтіп жатыр. Нәтижесінде ең мықты қатысушылар жеңіске жетеді деп сенеміз. Мен қалалық балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының директоры ретінде барлық қазақстандықты, қала тұрғындарын келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтаймын», – деді «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының директоры Ғинаят Сыздықов.

Қазақ күресіне 100-ге жуық палуан қатысып, боз кілемде белдесті. Жарыс жеңімпаздарына арнайы медальдар, кубоктар және түрлі марапаттар табысталды.