
Астанада Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде «Наурызнаманың» онкүндігі аясында Ұлттық спорт күніне орай «Ұлы дала ойындары» атты отбасылық фестиваль өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Аталған іс-шарада әр команда әке, ана және 8-10 жас аралығындағы баладан құралып, үш кезең бойынша бақ сынайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар ұлттық ойындар негізінде әзірленген, заманауи технологиялармен толықтырылған түрлі сынақтардан өтеді.
«Бұл отбасылық эстафетаны біз екінші жыл қатарынан өткізіп келеміз. Биылғы фестивальдің ерекшелігі – оның Жасанды интеллект жылы аясында өтуінде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын. Осыған байланысты біз Наурыз мерекесін жаңа форматта өткізіп отырмыз.
Фестивальға қатысушыларды жасанды интеллект элементтері енгізілген үш кезеңнен тұратын жарыс күтіп тұр. Әр команда үш адамнан – әке, ана және бала болып құралды. Жалпы қатысушылар саны шектеулі, барлығы – 12 команда. Қатысушылар мен жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар беріледі. Спорттық іс-шараны тамашалайтын көрермендерге кіру тегін. Қала тұрғындары мен қонақтарын іс-шараға белсенді қатысуға шақырамыз», – деді қалалық спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Азамат Белгібаев.
Жарысқа қатысушы Саябек есімді әке бүгінгі жарыс жолына бірінші рет шығып тұр.
«Өзіммен Саялы есімді қызымды алып келдім. Екеуіміз бірге жарысқа қатысамыз. Бүгін жеңіске жетеміз деп ойлаймын», – деді ол.
Айта кетейік, отбасылық доданы Астана қаласының әкімдігі қолдауымен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды.