Астанада Жаңару күні туған сәбилерге ерекше сыйлық табысталды

Астанада Жаңару күні туған сәбилерге ерекше сыйлық табысталды

«Наурызнаманың» онкүндігі аясында атап өтілетін Жаңару күніне орай елорданың Есіл ауданындағы №2 көпсалалы қалалық ауруханада салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Бастама отбасылық құндылықтарды нығайтуға және өмірдің алғашқы күндерінен бастап экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

«Іс-шара аясында жаңа туған сәбилер мен олардың ата-аналарына арнайы құттықтау хаттары табысталды. Онда QR-код арқылы баланың дүниеге келуіне орай отырғызылатын атаулы ағаштың нақты орналасқан жері көрсетілген. Осылайша, әрбір отбасы болашаққа деген қамқорлық арқылы ұрпақтарды біріктіретін символикалық экологиялық акцияның бір бөлігіне айналды», – деді Астана қаласы Есіл ауданының әкімі Дарменияр Қыдырбекұлы.

Сонымен қатар, заманауи шешімдерге ерекше көңіл бөлінді: жаңа туған сәбилерге «цифрлық бесіктер» табысталды. Бұл – мемлекеттік қолдаудың, инновациялық көзқарастың және өскелең ұрпаққа деген қамқорлықтың символы.

«Жаңа өмір – жаңа ағаш» бастамасы іс-шараға ерекше мазмұн беріп, баланың дүниеге келуі мен ел дамуы арасындағы байланысты айқындады. Атаулы ағаш отырғызу – ұрпақ сабақтастығының, қоршаған ортаға жанашырлықтың және әр отбасының тұрақты болашаққа қосқан үлесінің көрінісі болды.