
Елордада «Тұрсын Астана 2» тұрғын үй кешенінің тұрғындары Жаңару күнін ерекше көңілді атап өтті. Қала тұрғындары өз үйлерінің маңын мұқият тазалап қана қоймай, бірлесіп дастарқан жайды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Тұрғындардың бір бөлігі аула аумағын қоқыстан тазаласа, енді бір бөлігі бірігіп дәстүрлі тағамдар әзірледі. Қазандарда палау мен наурыз көже дайындалып, бауырсақтар пісірілді.
Іс-шараға үйдегі 288 пәтердің тұрғындары, сондай-ақ алғашқы қабаттарда жұмыс істейтін шағын бизнес өкілдері қатысты. Негізгі мақсат – тұрғындарды біріктіру, ортақ кеңістікті көрікті әрі жайлы ету.
Мерекелік көңіл күйді музыка мен самаурын шайы әсірелей түсті.
«Ауланы бірге тазалап, кейін дастарқан басында палау мен шай ішіп отыру өте керемет екен», – деп Гүлнәр есімді тұрғын өз әсерімен бөлісті.
Мұндай бастаманың негізгі ұйымдастырушысы – МИБ төрағасы Қуаныш Оспанов.
«Мен бұл ауданда 23 жылдан бері тұрамын, Абай облысының тумасымын. Біздің үйде 288 пәтер бар, біз барлық мерекелерді – Наурыз, Масленица немесе Пасха болсын – бірге атап өтеміз. Біз үшін дінге де, ұлтқа да бөліну жоқ, бәріміз – көршіміз», – деп атап өтті ол.