Астанада инклюзивті асық атудан турнир өтеді

Астанада инклюзивті асық атудан турнир өтеді

Астанада «Наурызнаманың» онкүндігі аясында Инклюзивті спорт орталығында Наурыз мерекесі ерекше форматта өтеді. Биылғы іс-шарада қазақтың ұлттық дәстүрлері инклюзия және заманауи спорт тұрғысынан жаңаша ұсынылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қазақстан бочча федерациясы мен «Sport Culture» қоғамдық бірлестігі бірлесіп, мәдени-спорттық іс-шара өткізеді.

Оның басты оқиғасы – ерекше қажеттіліктері бар балалардың қатысуымен өтетін инклюзивті асық ату турнирі.

Турнирдің басты ерекшелігі – ірі асықтарды пайдалану. Олар мүмкіндігі шектеулі балаларға ыңғайлы болу үшін арнайы бейімделген. Жарыс басталар алдында қатысушылар асықтарды өздері бояп, оларды жеке ойын талисмандарына айналдырады.

Турнирден бөлек, қонақтарды мазмұнды бағдарлама күтеді: мерекелік дастарқан, халықтық ансамбльдің өнер көрсетуі, дәстүрлі ұлттық ойындар және басқа да белсенділіктер.

Іс-шара 20 наурыз сағат 11:00-де Хусейн бен Талал және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан Инклюзивті спорт орталығында өтеді.