Гранттар мен субсидиялар: Астанада әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шаралары талқыланды

Гранттар мен субсидиялар: Астанада әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шаралары талқыланды

Астанада осы жылдың алғашқы отырысы аясында қалалық әкімдіктің әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Кездесуде әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту және саналы ата-ана институтын дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың, оның ішінде Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Әкелер кеңесі, Аналар кеңесі және өзге де бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан комиссияның орынбасары, Астана әкімі жанындағы гендерлік теңдік мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесші Назгүл Мағжан жаңа мүшелерді таныстырып, комиссияның қалалық сарапшылар қауымдастығын тарта отырып, жеті бағыт бойынша жұмыс істейтінін атап өтті.

Отырыстың негізгі тақырыптарының бірі – әйелдер кәсіпкерлігін дамыту. Қатысушылар бизнесте әйелдер санының өскенін атап өтіп, мемлекеттік қолдаудың маңызды екенін баса айтты.

Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бөлім басшысы Шухрат Жораевтың сөзінше, қалада шамамен 272 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, онда 541 мың адам еңбек етеді – бұл экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 70%-ы.

Ол атап өткендей, 109 мың кәсіпорынды (53%) әйелдер басқарады, ал 2024 жылмен салыстырғанда өсім 9,7%-ды құрады.

Спикер әйелдер кәсіпкерлігін қаланың экономикасының негізгі тіректерінің бірі ретінде бағалады.

Қолдауды қамтамасыз ету аясында мына мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылады:
• несие ставкаларын 12,3%-ға дейін субсидиялау (200 млн теңгеге дейін);
• «Даму» қоры арқылы қарыздарға кепілдік беру (85%-ке дейін);
• әлеуметтік кәсіпкерлерге 5 млн теңгеге дейін гранттар беру.

Сонымен қатар, қаржыландырудың қолжетімділігі мәселелері жеке талқыланды. Атап айтқанда, пайыздық ставкаларды төмендету және бизнес үшін негізгі кедергі болып саналатын кепілдік мәселесін шешу қарастырылды.

Өз кезегінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өңірлік филиалы директоры Светлана Назарюк қор екі негізгі міндетті қарстыратынын айтты. Олар – қаржыландыруға қолжетімділік және кепілдік қамтамасыз ету.

Қолданыстағы кепілдік механизмі қарыз сомасының 85%-ына дейін жабуға мүмкіндік береді. Несие беру көлемінің максимумы – 7 млрд теңге.

Сонымен қатар, өндіріс, IT, туризм және креативті индустрияларға бағытталған 12,6% фиксирленген мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы енгізілген. Жаңа қаржыландыру мамыр айында күтілуде.

«Іскер аймақ» бағдарламасы да іске қосылды, бұл шағын бизнеске 200 млн теңгеге дейін несие берумен қатар, субсидиялау, оқыту, менторлық және инфрақұрылымдық қолдауды қамтамасыз етеді.

Гранттық бағдарламалар мен әлеуметтік тұрғыдан осал санаттарды қолдау бөлек блок ретінде қарастырылды.

«Бастау Бизнес» жобасының қатысушыларына гранттар қайтарымсыз негізде беріледі. Олардың көлемі 400 МРП-ке дейін, бұл шамамен 1,57 млн теңге», – деді Астана қаласының Еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының орынбасары Айгүл Таласова.

Оның сөзінше, 2025 жылы 326 грант берілген, олардың 76,2%-ын әйелдер алған. 2026 жылы тағы 260 грант беру жоспарланған.

Қатысушылар отбасылық және тәрбие мәселелеріне де үлкен назар аударды. Ата-аналардың рөлі мен қазіргі заманғы факторлардың, соның ішінде цифрлық орта әсері ерекше айтылды.

Отырыс қорытындысы бойынша, «бір терезе» қағидатын енгізу арқылы кәсіпкерлерді қолдауды күшейту, «Атамекен» ҰКП, бизнес-ассоциациялар және профильді ұйымдарды тарту ұсынылды.