
Астананың коммуналдық қызметі алғаш қар жауған күннен бастап тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Қаланы қардан тазалау жұмысы күндіз де, түнде де тоқтаусыз жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Өткен түнде елордадан қар полигондарына 49 543 текше метр қар 2 592 ауыр жүк көлігінің рейсімен шығарылды.
18 наурыздың таңынан бастап қаланы қар мен мұздан тазалау жұмысына 1 785 арнайы техника мен 3 037 жол жұмысшысы жұмылдырылды.
Алдымен негізгі көше магистральдары мен қоғамдық көлік бағыттары тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдарға, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себіледі. Бұл жұмыс та тәулік бойы атқарылып жатыр.
Қыс маусымы басталғалы бері қар полигондарына 520 134 рейспен жалпы көлемі 7 млн 912 мың 493 текше метр қар шығарылды.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын жолдар мен тротуарларда сақ болуға, қауіпсіздік шараларын сақтауға және сапарға шығар алдында ауа райы жағдайын ескеруге шақырады.