Қазақстандағы көктемгі әскерге шақыру науқаны: Астанадан 1 400-ден астам адам әскери қызметке шақырылады

Қазақстандағы көктемгі әскерге шақыру науқаны: Астанадан 1 400-ден астам адам әскери қызметке шақырылады

Биыл наурыз айынан бастап Қазақстанда азаматтарды мерзімді әскери қызметке көктемгі шақыру басталды. Астанадан әскери бөлімдерге 1400-ден астам адамды жіберу жоспарланып отыр. Оның барысы туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Қорғаныс істері департаментінің бастығы, полковник Руслан Балтеміров, Астана қаласының Қорғаныс істері Департаменті бастығының орынбасары, полковник Әнуар Әубәкіров, Астана қаласының әскерге шақыру комиссиясының мүшесі, «Қарулы Күштер ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігі Президиумының мүшесі Ғани Артықов айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

ҚР Президентінің 2026 жылғы 14 наурыздағы №1202 Жарлығына сәйкес, ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың үйлестіруімен қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары азаматтарды көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыруды басталды. Маусым айының 30 дейін әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға негіздері жоқ, жасы 18-ден 27-ге дейінгі 21 мыңнан астам азаматты әскерге шақыру жоспарланып отыр.

«Астана қаласынан әскери бөлімдерге 1 400-ден астам адам жіберіледі. Оның ішінде 788-і Қарулы Күштерге, 450-і Ұлттық ұланға, 120-сы ҰҚК Шекара қызметіне, сондай-ақ өзге де құрылымдарға бағытталады. Шақыру науқаны қолданыстағы заңнамаға сәйкес ұйымдастырылып, жергілікті атқарушы органдардың бақылауында болады», – дейді спикерлер.

Спикерлер атап өткендей, жаппай цифрландыру жағдайында жергілікті әскери басқару органдары да заманауи технологияларды белсенді енгізуде. 2020 жылдан бастап Қорғаныс министрлігі әскери есепті жүргізуге арналған жаңа ақпараттық жүйені енгізді, оның негізінде 2023 жылдан бері «Smart военкомат» жобасы жүзеге асырылып келеді.

Жоба – әскери есепке байланысты міндеттерді орындау кезінде азаматтар мен ұйымдардың қатысуын барынша қысқартуға және процестерді автоматтандыруға бағытталған цифрлық шешімдер кешені.

Оның негізгі элементі – «Жұмылдыру ресурстарын автоматтандырылған есепке алудың интеграциялық шлюзі» жүйесі. Бұл жүйе әскери міндеттілер мен шақырылушылардың дербес есебін жүргізуге арналған, сондай-ақ басқа мемлекеттік органдармен деректерді жедел алмасуды қамтамасыз етеді. Цифрлық шешімдерді енгізу нәтижесінде әскери есепке қатысты рәсімдер едәуір жеңілдетілді.

Жоба аясында бірқатар маңызды жаңашылдық жүзеге асырылды. Атап айтқанда, тұрғылықты жерін өзгерткен азаматтарды автоматты түрде әскери есепке қою енгізіліп, 2025 жылы 434 мыңнан астам адам қайта есепке алынды. Сонымен қатар 17 жастағы жасөспірімдер жеке қатысуынсыз автоматты түрде тіркеуге алынады.

Мәселен, Астана қаласында 2026 жылдың алғашқы үш айында 2069 жасөспірім оқуынан қол үзбей есепке қойылды. Бұдан бөлек, шақыруды кейінге қалдыру мен одан босату да автоматты түрде рәсімделеді, яғни анықтамалар жинап, комиссияларға қатысудың қажеті жоқ. 2025 жылы осылайша 457 мыңнан астам кейінге қалдыру берілді. Кейінге қалдыру негіздері жойылған жағдайда, ол да автоматты түрде кері қайтарылады.

Жоба өзге мемлекеттік органдармен тығыз ықпалдастықты көздейді, бұл дерек алмасу тиімділігін айтарлықтай арттырады. Атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен интеграция нәтижесінде азаматтардың жәрдемақы мен зейнетақы рәсімдеу кезінде түрлі анықтамалар ұсыну қажеттілігі жойылды. Сонымен қатар бизнес құрылымдар қызметкерлер бойынша ай сайынғы есептіліктен босатылды. Әскерге шақырылушылар туралы мәліметтер кредиттік бюроларға автоматты түрде жолданып, қызмет кезеңіне «кредиттік демалыс» алуға мүмкіндік береді.

Медициналық куәландыруды цифрландыруға да ерекше көңіл бөлінген. «Е-Медосмотр» жүйесін енгізу медициналық комиссиялардың жұмысын автоматтандырып, шақырылушылардың аурулары мен жарақаттарының тарихын ескеруге, сондай-ақ шешімдердің объективтілігін арттыруға мүмкіндік берді. 2025 жылы 17 мыңнан астам әскерге шақырылушы медициналық тексеруден цифрлық форматта өтті.

Сонымен қатар әскери есепке қатысты барлық мәліметтер енді eGov және mGov порталдарындағы «жеке кабинетте» қолжетімді.

Пайдаланушылар өздерінің әскери қызметке қатысы, есепке алынған орны, қызмет өткеру кезеңдері мен жарамдылық санаты туралы ақпарат ала алады.

«Қызметтің тартымдылығын арттыру мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған. Олардың қатарында қызмет кезеңіне кредиттік демалыс беру, ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына грантпен түсу мүмкіндігі, сондай-ақ әскери қызметшілерді оқыту мен жұмысқа орналастыруға ықпал ететін «Сарбаз» цифрлық платформасы бар. 2023 жылдан бері 8 мыңнан астам әскери қызметші ҰБТ тапсырмай жоғары оқу орындарына түскен, оның ішінде 2025 жылы - 3300 адам. Сонымен қатар 20 мыңнан астам азамат шамамен 8,8 млрд теңге сомасына кредиттік демалыс алған. Қызмет барысында әскери қызметшілер Қарулы Күштердің оқу орталықтарында сұранысқа ие мамандықтарды меңгере алады. Оқу нәтижесінде тиісті сертификаттар беріліп, бұл олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, азаматтық өмірге бейімделуіне көмектеседі», – дейді спикерлер.