«Табиғатты бірге қорғайық»: Астанада экологиялық квест өтті

«Табиғатты бірге қорғайық»: Астанада экологиялық квест өтті

Астанадағы №100 жалпы орта білім беретін мектепте және Құрылыс-техникалық колледжінде «Табиғатты бірге қорғайық» экологиялық квесті өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Аталған іс-шара Астана қаласы әкімдігінің Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының «Қамқор» жобасын, сондай-ақ «Экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру, табиғатты қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткізілді.

Айта кету керек, іс-шара қаланың басқа мектептері мен колледждерінеде бір мезетте өтіп жатты. Жалпы саны 700 жуық білім алушы мен студент қатысты.

Квест – қатысушылардың қызығушылығын арттырып, білімдерін ойын түрінде толықтыруға мүмкіндік беретін заманауи әдіс. Квест барысында қатысушылар кітапхана ішінде орналастырылған QR-кодтарды іздеп тауып, смартфон арқылы сканерлеп экология тақырыбына берілген тапсырмаға жауап берді. Жауаптар кітаптар мен оқу залының ақпараттық материалдары арқылы табылды.

Іс-шара танымдық және ойын форматында өтіп, қатысушылардың табиғатқа жауапкершілікпен қарауын және кітапхана ресурстарын тиімді пайдалануын арттыруға бағытталды. Қатысушылар экология тақырыбына арналған сұрақтарды дайындап, QR-кодтар жазылған тапсырмаларға берілген уақыт ішінде жауап берді. Экология тақырыбына арналған кітаптар, энциклопедиялар, анықтамалық материалдар кітапханаға қойылды.