
Наурыз мерекесі қарсаңында елорданың Нұра ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері кәсіптік-техникалық колледж студенттерімен кездесіп, оларға қазақ халқының дәстүрлері туралы айтып берді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Кездесу студент-актерлер дайындаған әндермен және сахналық қойылымдармен қатар өтті.
Аға буын өкілдері қазақ халқының мәдениеті дәстүрге бай екенін, оның ішінде батаның ерекше орын алатынын атап өтті.
«Біз бұл кездесуді «Атамекен» ансамблінің солистерімен бірге «Наурызнаманың» онкүндігі аясында атап өтілетін Шаңырақ күніне орай өткізіп отырмыз. Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының бай дәстүрлерін насихаттау, сондай-ақ жас ұрпаққа батаның маңызын түсіндіру. Бата – халқымыздың рухани мәдениетінде айрықша орын алатын ұғым. Ол – үлкендердің ақ тілегі, өмірлік өсиеті мен жастарға арналған дана кеңесі.
Бата көбіне жастарға беріледі. Ақ тілекті көпті көрген, елге сыйлы қариялар, билер мен танымал тұлғалар айтады. Қазақ халқы бата беретін уақыт пен орынды да ерекше мәнмен таңдаған. Егер жиналған қауым ішінде қария болмаса, көпшіліктің келісімімен, жасы кіші болса да, алғашқы болып бата беру құрметі бір жігітке беріледі», – дейді шара ұйымдастырушысы Фарида Қасенова.
Сахнадағы басты көрініс – келіннің күйеуінің ата-анасының үйіне алғаш келу дәстүрін көрсету болды. Бұл рәсім жас келіннің жарының туыстарымен жақынырақ танысып, олармен қарым-қатынас орнатуына негіз қалайды.
Сондай-ақ қойылымда жігіттер «Қонақ күту» дәстүрін қызықты түрде көрсетті: олар әрбір қонаққа жақындап, қолдарына су құйып, сол арқылы бата алды.