Астанада 5 мың музыкант «Шернияз» күйі мен «Наурыз» әнін орындады

Астанада 5 мың музыкант «Шернияз» күйі мен «Наурыз» әнін орындады

Елордада 5 мыңнан астам адамның қатысуымен қазақ халқының көне музыкалық аспаптарының үні тоғысқан «Ұлттық үн» атты ауқымды іс-шара өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Астанада Наурыз мерекесіне орай қазақ әуендері мен дәстүрлі музыкалық аспаптардың үні үйлескен бірегей музыкалық композиция ұсынылды. Жоба қазақ халқының музыкалық мұрасы мен ұлттық өнердің терең тамырын айқын көрсетті.

Музыкалық композицияда ұлттық мәдениетте ерекше орын алатын көне аспаптар – уілдек, керней, тастауық, сазсырнай, жетіген, дауылпаз, дабыл және шаңқобыз үні жаңғырды.

Ғасырлар бойы қалыптасқан бұл аспаптар халықтың рухани әлемін, ұлан-ғайыр даланың үнін және дәстүрлі өнердің әсемдігін жеткізеді.

Іс-шара барысында 5 мыңнан астам қатысушы бір мезетте қазақтың әйгілі «Шернияз» күйін, сондай-ақ «Наурыз» әнін орындап, айналасына ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.

Осынша адамның бірлесе орындауы ұлттық өнерге деген құрмет пен дәстүр сабақтастығының айқын көрінісіне айналды.

Оған Қазақстанның халық әртісі, көрнекті күйші әрі дирижер Айтқали Жайымов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дархан Рахымғалиев және халықаралық байқаулардың лауреаты Әділет Азбаев дирижерлік етті.

Жоба Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтті. Іс-шараға Астана қаласының Мәдениет басқармасына қарасты шығармашылық ұжымдар, Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, Р.Бағланова атындағы «Qazaqconcert» ұйымының ұжымы, Ұлттық ұлан оркестрі, Ұлттық әскери-патриоттық орталық оркестрі, сондай-ақ жалпы білім беру ұйымдарының оқушылары қатысты.

Жоба Наурыз мерекесінің рухын айшықтап, қазақ халқының музыкалық және мәдени мұрасының бірегейлігін кеңінен танытуға мүмкіндік берді.