
Астанадағы Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда «Халықтық Конституция» ұранымен қалалық коалицияның қорытынды кездесуі өтті. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігінің ресми сайты «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясына сілтеме жасап хабарлайды.
Еске салайық, 15 наурыз күні елде тарихи референдум өтіп, онда қазақстандықтар жаңа Конституцияны қабылдауға дауыс берді. Дауыс беру қорытындысы жарияланғаннан кейін Мемлекет басшысы жастармен кездесуде: «Жаңа Конституция – Тәуелсіздік пен егемендік тірегі», деп атап өтті.
Бұл сөздер еліміздің мемлекеттік бағытының басты бағдарына айналды.
Осы тарихи сәтте Астана тұрғындары да айрықша бірлік танытып, тағдырлы шешімді толық қолдады.
Соңғы бір ай ішінде «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» қалалық коалиция штабы конституциялық реформалардың маңызын түсіндіру мақсатында халық арасында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді. Осы уақыт ішінде миллионға жуық адамды қамтыған мыңнан астам кездесу өтті.
Іс-шаралар елорда тұрғындарының негізгі әлеуметтік-кәсіби топтарын толық қамтыды. Олардың қатарында білім және ғылым, денсаулық сақтау, көлік инфрақұрылымы, құрылыс саласы, шағын және орта бизнес, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, IT-сектор, мәдениет пен өнер, спорт, ақпарат және байланыс саласының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ қала тұрғындары бар.
Осындай жүйелі жұмыс нәтижесінде елорда тұрғындары – еңбек ұжымдары мен кәсіпкерлер, зиялы қауым мен белсенді жастар референдумға жоғары белсенділікпен қатысты.
Елордадағы филармонияда өткен жиында қалалық коалиция жұмысының қорытындылары шығарылды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен жаңа Конституцияның ел үшін тарихи маңызы туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Айдос Сарым мен Марат Башимов, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» Астана қалалық коалиция штабының төрағасы Ерлан Каналимов баяндама жасады. Сондай-ақ сахнада «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек, «Ауыл» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Ұлан Әбдіханов, Қазақстан халық партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Анар Дүкенбаева, «Ақ жол» партиясының Астана қаласы бойынша «Ақ жол арулары» әйелдер қанатының төрайымы Балауса Смағұлова, «Respublica» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Шыңғыс Түсіпбаев, елорда мәслихатының депутаты, AMANAT партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Арсланбек Мағзұм, «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының көшбасшысы, қоғам белсендісі Әсем Бәденова сөз сөйледі.
Ресми бөлім концерттік бағдарламамен жалғасты. Онда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықпан Жолдасов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Фарида Жолдасова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маржан Арапбаева, «Alem» заманауи би ансамблі, «Жошы» ансамблі, «The Voice Qazaqstan» жобасының жеңімпазы Құралай Мейрамбек және басқа да өнерпаздар өнер көрсетті.