Астанада Наурыз мейрамына арналған концертте дәстүр мен заманауи технология ұштасып, ерекше бағдарлама ұсынылды

Астанада Наурыз мейрамына арналған концертте дәстүр мен заманауи технология ұштасып, ерекше бағдарлама ұсынылды

Астанадағы «Tanym» көпфункционалды кешенінде «Наурыз – Ұлыстың ұлы күні!» атты іс-шара өтті. Ол «Наурызнаманың» онкүндігі аясындағы Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күніне арналды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Концертте №1 және №2 өнер мектептерінің оқушылары мен педагогтары, сондай-ақ кешеннің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Іс-шараға елордалық Білім басқармасының өкілдері мен мектеп басшылары да қатысты.

Мерекелік бағдарлама театрландырылған қойылыммен басталды. Онда жастар мен аға буын өкілдерінің диалогы арқылы қазақ халқының салт-дәстүрлері, көктемнің келуі және ежелгі «Көрісу» дәстүрі сахналанды. Өнер мектептерінің дарынды оқушылары мен ұстаздары өз шеберліктерін көрсетіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сахнада ұлттық және заманауи музыкалық шығармалар, күйлер орындалып, вокалдық және би нөмірлері ұсынылды.

Кешен директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жазира Баукенованың айтуынша, концерт ата-аналар мен оқушыларды көктемнің басты мерекелерінің бірімен құттықтауға арналды.

«Бүгінгі концерт оқушыларымыз бен ата-аналарымызды Наурыз мейрамымен құттықтауға бағытталған. Бұл мереке – Қазақстандағы достықтың, береке-бірліктің және татулықтың символы. Біздің міндетіміз – өсіп келе жатқан ұрпаққа дәстүрді сақтаудың және оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің маңызын көрсету», – деді ол.

Оның айтуынша, концерттің ерекшелігі – дәстүрлі мәдениет пен заманауи технологиялардың үйлесім табуы. Кейбір нөмірлерде жасанды интеллект элементтері қолданылып, цифрлық визуалды эффектілер мен заманауи аранжировкалар пайдаланылған.

«Бүгін біз заман ағымымен қатар жүруіміз керек. Балаларымыз цифрлық әлемде өмір сүріп жатыр. Сондықтан дәстүр мен жаңа технологияны ұштастыру маңызды. Біз шығармашылық жұмыстарда жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, жас ұрпаққа қызықты болуға тырысамыз», – деді Жазира Баукенова.

Кешеннің фойесінде қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылған шағын дастарқан жайылды. Онда бауырсақ, қымыз және құрт қойылды. Сонымен қатар LED-экранда Наурыз мерекесінің маңызы туралы тақырыптық бейнероликтер көрсетілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, концертке бірнеше ұйымның өкілдері қатысқан. Олардың қатарында «Барап» балалар сауықтыру лагері мен қалалық өнер мектептері бар.

Шараға ата-аналар, педагогтер және оқушылардан құралған көпшілік жиналды.