
Астанадағы «Damu Mall» сауда орталығында елорданың Сарайшық ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қолөнер үйірмесіне қатысушы шеберлердің көрмесі өтті. Іс-шара «Наурызнаманың» онкүндігі аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Үйірме алғаш ашылған кезде оған зейнет жасындағы шамамен 30 әйел қатысқан. Қазір қатысушылар саны 80 адамға жетті. Олар мәдени құндылықтар мен халықтық қолөнерді насихаттау мақсатында елордада өз туындыларын көрмеге қойды.
«Көрме Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылды. Орталық мүшелері мәдени құндылықтарды дамытуға өз үлестерін қосқысы келеді. Сол себепті қолөнер сабақтарына қатысып, табиғи киізбен, таза жүнмен, жіппен және басқа да материалдармен жұмыс істеуді үйреніп жүр. Осы материалдардың көмегімен ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдар жасалады.
Үйірмедегі оқу үдерісі кесте тігу техникасын меңгеруден басталады. Дәстүрлі кілем тоқу тәсілдерін пайдалана отырып, біздің қатысушылар кілемге ұқсас әсем картиналар жасауды үйренеді. Сонымен қатар шеберлер тоқылған сөмкелер, жастықтар және басқа да бұйымдар дайындайды. Үйірменің негізгі бағыты – қазақтың ұлттық қолөнерін дамыту. Мұндай сабақтар қызықты әрі ұсақ моториканы дамытып, есте сақтау қабілетін жақсартады.
Ең бастысы, қатысушылар өз қолымен жасаған бұйымдарынан рухани тыныс алады», – дейді үйірме жетекшісі Кидіркүл Сыздықова.
Орталықтағы қолөнершілердің алдағы уақытта жүзеге асырғысы келетін шығармашылық жоспарлары да көп. Олар өз бұйымдарын халыққа ұсынатын арнайы сауда орнын ашуды армандайды.