
Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде Наурызнама онкүндігі аясында 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне арналған отбасылық «Ұлы Дала Ойындары» фестивалі өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Эстафета үш кезеңнен тұрады. Әр командада әке, ана және 8-10 жас аралығындағы баласы бар отбасылар қатыса алады.
Командаларды тіркеу онлайн жүзеге асырылады. Өтінімдер 20 наурызға дейін +7 775 778 97 25 телефоны арқылы қабылданады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл күні спорт алаңында отбасылық командалар – әкелер, аналар және балалар – ұлттық ойындарға негізделген және заманауи технологиялармен толықтырылған түрлі сынақтардан өтеді.
«Бұл отбасылық эстафетаны биыл екінші рет өткізгелі отырмыз. Биылғы фестивальдің ерекшелігі – іс-шара Жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын. Осыған байланысты Наурыз мерекесін жаңа форматта өткізуді жоспарлап отырмыз.
Фестиваль барысында қатысушылар жасанды интеллект элементтері қолданылған 3 кезеңнен тұратын жарыс күтеді. Әр команда үш адамнан – әке, ана және бала болып құралған болуы керек. Жалпы қатысушылар саны шектелген: барлығы – 12 команда, яғни 180 адам қатыса алады. Қатысушылар мен жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болады. Қатысу тегін, көрермендер үшін де кіру тегін. Барлық қала тұрғындары мен қонақтарды шақырамыз», – деді қалалық спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.
Эстафета құрылымы
I кезең – ұлттық спорт түрлері бойынша отбасылық эстафета
Әр команда мүшелері жеке эстафеталардан өтеді:
Әкелер эстафетасы:
• Садақ ату – нысанаға 90 ұпай жинағанша;
• Қошқар көтеру – 5 рет;
• Нарқұдық – таңдалған салмақты көтеру;
• Ләңгі тебу;
• «Сыйлық сандығы» – кілтті тауып, қаппен бірге мәреге жету.
Аналар эстафетасы:
• Шалқұймайқ эстафетасы – басындағы тостағанмен қашықтықты өту;
• Лабиринт – темір шарикті лабиринт арқылы өткізу;
• Хан арқан – сақиналарды тіректерге дәл лақтыру;
• Бес асық – дәстүрлі асық ойыны;
• Үлкен қасық асық – асықтарды үлкен қасықпен жинау.
Балалар эстафетасы:
• Асық ату – шеңберден асықтарды ату;
• Арқан Board – арқан үстінде скейтбордпен жүру;
• Көкпар Kids – балаларға арналған көкпар ойыны;
• Асық табу – нөмір бойынша асықтарды жинау;
• Jump with қап – қаппен секіру жарысы.
II кезең – интерактивті жарыстар
AI технологияларын қолданатын заманауи сынақтар.
III кезең – финал
Арқан тарту бойынша командалық сайыс.
Айта кетейік, Ұлттық спорт күніне орайластырылған фестивальді Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елордалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырып отыр.
Эстафета «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені 20 наурыз күні сағат 10:00-де басталады. Кіру тегін.