
Елорданың коммуналдық қызметі тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Қаланы қардан тазалау жұмысы күндіз де, түнде де тоқтаусыз жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Өткен түнде елордадан қар полигондарына 58 357 текше метр қар 4 328 ауыр жүк көлігі рейсімен шығарылды.
15 наурыздың таңынан бастап қаланы қар мен мұздан тазалау жұмысына 1 818 арнайы техника мен 2 461 жол жұмысшысы жұмылдырылды.
Алдымен негізгі көше магистральдары мен қоғамдық көлік бағыттары тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдарға, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себіледі. Бұл жұмыс та тәулік бойы атқарылып жатыр.
Қыс маусымы басталғалы бері қар полигондарына 612 594 рейспен жалпы көлемі 7 млн 744 мың 641 текше метр қар шығарылды.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын жолдар мен тротуарларда сақ болуға, қауіпсіздік шараларын сақтауға және сапарға шығар алдында ауа райы жағдайын ескеруге шақырады.