
Наурыз мерекесіне орай Астана қаласында демалыс күндеріне арналған ауқымды «Nauryz Sale» азық-түлік жәрмеңкелері басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жәрмеңкелер қаланың жеті орнында ұйымдастырылып отыр: Keryen Joly сауда орталығы; Koktal сауда орталығы; Еуразия сауда орталығы; Астаналық базар; Damu Mall сауда‑ойын‑сауық орталығы; Шапағат базары; Сауран базары.
Жәрмеңкеде тұрғындар мен қала қонақтары көкөніс пен жеміс-жидек, ет және сүт өнімдерін, шұжық өнімдерін, ұн, жарма, түрлі нан-тоқаш өнімдерін, табиғи шырындар, тосап, бал және басқа да азық-түлік тауарларын тиімді бағада сатып ала алады.
Сауда сөрелерінде Қазақстанның әр өңірінен келген фермерлер мен отандық өндірушілердің өнімдері ұсынылған.
Мұндай жәрмеңкелерді өткізудің басты мақсаты – бағаны тұрақтандыру, елорда тұрғындарын қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету және отандық тауар өндірушілерді қолдау.
Жәрмеңкелер 14 және 15 наурыз күндері сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.
Елорда тұрғындарының бірі мұндай жәрмеңкелердің зейнеткерлер үшін тиімді екенін айтты.
«Осындай жәрмеңкелердің өтетінін үнемі бақылап отырамын. Зейнетақыға бұл үлкен көмек, өйткені мұнда азық-түлікті, әсіресе ең қажетті өнімдерді, әлдеқайда арзан бағада алуға болады. Демек, көбірек сатып алуға мүмкіндік бар. Меніңше, зейнеткерлер үшін өте тиімді. Оның үстіне тек қажетті өнімдерді ғана емес, немерелерімізге банан немесе апельсин сияқты жемістерді де супермаркеттерден арзанырақ бағамен алып, қуантамыз», – дейді ол.
Мұндай жәрмеңкелердің тиімді екенін тауар өндірушілер де атап өтті.
«Бүгін таңертеңнен бері сауда жақсы жүріп жатыр. Адамдар әдеттегіден көп сатып алып жатыр. Бұл бізді қуантады – тауар тез өтсе, келесі жолы тағы да жаңа, сапалы өнім әкелеміз. Бағасы төмен болғандықтан сатып алушылар көп. Мұндай жәрмеңкелер қажет: тұрғындар тиімді бағада өнім алады, ал біз өз өнімімізді өткіземіз», – деді жәрмеңке қатысушысы Нұрғожа.
Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жанабаев 13-23 наурыз аралығында елордада азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларға мерекелік жеңілдіктер ұсынылатынын айтты.
Акция аясында киім-кешек, аяқ киім, тұрмыстық техника, косметика мен парфюмерия, сондай-ақ үйге қажетті тауарлар арзан бағада сатылады. Оған қаланың сауда үйлері, сауда-ойын-сауық орталықтары және сауда желілері қатысуда. Атап айтқанда, Magnum, Small, Galmart, Анвар желілері, сондай-ақ Mega Silk Way, Хан Шатыр, Asia Park, GreenMall және Сарыарқа сауда орталығы қатысып жатыр.
«Бағаны тұрақтандыру және ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында осы демалыс күндері елордада ауқымды азық-түлік жәрмеңкелері өткізіліп жатыр.
Мұндай шаралар қала тұрғындары мен қонақтарын сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, Наурызнама мерекесінің аясында ерекше мерекелік көңіл-күй қалыптастырады деп ойлаймын», – деп түйіндеді Мақсат Жанабаев.