
Астана қаласының Байқоңыр ауданы аумағында орналасқан Ататүрік саябағында Амал мерекесіне орай ежелгі Көрісу рәсімі өткізілді. Оған мыңнан астам адам қатысып, бір мезетте бір-бірімен көрісіп, көктемнің келуімен және алдағы Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Саябақта Көрісу күніне арналған ауқымды театрландырылған қойылым ұйымдастырылды.
Мереке символикалық түрде бата берумен басталды. Қыдыр ата мен Ұмай ана бейнесіндегі әртістер жиналған жұртқа амандық, бақ-береке мен бақыт тіледі.
Мерекеге жиналған мыңнан аса адам ұлттық киім киіп, ежелгі Көрісу рәсімін бір мезетте орындады.
Қатысушылар бір-бірімен құшақтасып амандасып, ізгі тілектер мен құттықтауларын білдірді.
Одан кейін елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік концерт қойылды.
Сахнада қалалық Мәдениет басқармасы мен Қазақстан халқы ассамблеясының Астана қалалық филиалына қарасты шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздар өнер көрсетті.
Қала тұрғыны Жадыра Дадехан мерекелік іс-шараға отбасымен бірге келгенін айтты.
«Біз Жағалау шағын ауданында тұрамыз. Бүгін осында күйеуіммен және балаларыммен бірге келдік.
Қысты аман-есен өткізіп, көктемнің келгеніне қуаныштымыз. Бүгін ауа райы да тамаша – күн ашық, жылы. Серуендеп, мерекелік көңіл күйді сезінгіміз келді.
Балаларға да Наурыздың қалай тойланатынын көрсеткім келді», – деді ол.
Айта кетейік, Астанада «Наурызнама» мерекелік онкүндігі аясында 200-ден астам іс-шара өтуде. Олардың қатарында мәдени бағдарламалар, қайырымдылық акциялары мен түрлі мерекелік шаралар бар. Әр күннің өзіндік тақырыбы белгіленген.