
Астана қаласында жаңа Конституцияны қолдауға арналған жаппай жүгіру іс-шарасы ұйымдастырылды. Оған елордалық жастар мен спортшылар қатысты. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы» жалпыұлттық коалициясының қалалық филиалына сілтеме жасап хабарлайды.
Іс-шара Астананың ботаникалық бағы аумағында өтті. Жаппай жүгіруге қаладағы шамамен 2 мыңға жуық спортшы қатысты.
Жиында елордалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, сондай-ақ қалалық мәслихат депутаты, AMANAT партиясы жанындағы Жастар Рухы жастар қанатының Астана қалалық филиалының төрағасы Арсланбек Мағзұм сөз сөйледі. Олар жаңа Конституцияны қабылдаудың ел дамуы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Бүгінгі жүгіру жаңа Конституцияны қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бұл – еліміздің одан әрі дамуы үшін маңызды қадам. Ортақ болашағымыз әрқайсымыздың белсенділігімізге байланысты.
15 наурыз күні референдум өтеді. Сол күні азаматтар өз таңдауларын жасайды. Сондықтан бүгін стартта көрсеткен белсенділіктеріңізді референдумда да танытып, дауыс беруге шақырамын. Әр дауыс маңызды», – деді Василий Левит қатысушыларға.
Жүгіру басталар алдында қатысушыларға сергіту жаттығулары өткізілді. Спортшылар 2,5 және 5 шақырым қашықтықтарды жүгіріп өтті.