
Елордада 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Көктем шуағы» атты мерекелік акцияны «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып, оған орталықтың еріктілері белсене қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Еріктілер елорданың орталық көшелері мен тұрғындар жиі жүретін орындарында аруларды мерекемен құттықтап, гүл шоқтарын сыйлады. Күтпеген тосынсыйға тап болған қыз-келіншектер мен аналар еріктілерге алғыс білдіріп, жылы лебізін жеткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акция аясында елорданың дамуына үлес қосып жүрген әйелдер қауымына 1 мың дана қызғалдақ гүлі тарту етілді. Бұл бастама нәзік жандыларға мерекелік көңіл күй сыйлап қана қоймай, олардың қоғамдағы рөлі мен еңбегіне деген құрметтің бір белгісі болды.
«Бізде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өткізілетін дәстүрлі акция бар. Жыл сайын елордадағы аруларға гүл шоқтарын таратып, олардың көңіл күйін көтеруге тырысамыз. Биыл да еріктілердің қатысуымен қала көшелерінде нәзік жандыларға ерекше эмоция сыйлау мақсатында 1 000 дана гүл тараттық», - деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының маманы Дәуіржан Жұмахан.
8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында аруларға гүл сыйлау – олардың қоғамдағы еңбегіне көрсетілген ілтипаттың белгісі.