
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында елордадағы №16 Төлеген Айбергенов атындағы мектепте «Жас сақшы» сыныбының оқушылары UAE SWAT Challenge 2026 халықаралық турнирінің жеңімпаздарымен кездесті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Кездесуді елорданың Байқоңыр аудандық Полиция басқармасы ұйымдастырды.
Іс-шараға елордалық Жедел әрекет ету арнайы жасағының арнайы бөлімшесінің қызметкерлері – полиция капитаны Елдос Сартай мен полиция майоры Мөлдір Атанай қатысты. Олар ондаған елдің командалары жауынгерлік шеберлігін, тактикалық ойлау қабілетін және командалық үйлесімділігін көрсеткен UAE SWAT Challenge халықаралық турнирінде Қазақстанның намысын лайықты қорғаған.
Кездесуде арнайы бөлімше қызметкерлері өздерінің жұмысы, халықаралық жарыстарға дайындық барысы, сондай-ақ тәртіп пен командалық жұмыстың маңызы туралы айтып берді. Оқушылар қонақтарға сұрақтарын қойып, арнайы шығармашылық қойылымдарын да ұсынды.
Мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық тәрбиесіне оң әсер етіп, полиция мен қоғам арасындағы байланысты нығайтады, сондай-ақ оқушыларды заңға және қоғамға қызмет етуге бағытталған мамандықтарды таңдауға ынталандырады.
Айта кету керек, «Жас сақшы» сыныбы құқық қорғау саласында қызмет етуді болашақ мамандығы ретінде көретін оқушылардан құралған. Жалпы білім беретін пәндермен қатар, олар полиция қызметкерлерімен кездесулер мен арнайы сабақтарға қатысып, қызметтің ерекшеліктері мен ішкі істер органдарының жұмыс қағидаттарымен танысады. Оқушылар арнайы форма киеді, ал тәртіп пен жауапкершілік олардың оқу процесінің маңызды бөлігі болып саналады.
Осындай кездесулер өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқарып, полиция мамандығына деген құрметті қалыптастырады және жастардың қызметке деген қызығушылығын арттырады.
#законипорядок #заңментәртіп