
Астана қаласы Сарыарқа ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Мемлекеттік академиялық филармонияда «Киберқауіпсіздік, жасанды интеллект: заманауи қатерлер және қорғану тәсілдері» тақырыбында форум өтті, деп хабарлайды хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға қаладағы мектеп оқушылары мен мұғалімдер қатысты. Жиында қоғамдық қатынастың қарқынды цифрландырылуы, киберқылмыс санының артуы және кәмелетке толмағандардың цифрлық ортаға тартылуы жағдайында киберқауіпсіздік мәселелерін қалай шешуге болатыны айтылды.
Спикерлер ретінде Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығы, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Киберполиция, сондай-ақ прокуратура органдарының өкілдері қатысты. Олар азаматтардың кибергигиена бойынша тұрақты дағдысын, құқықтық санасын және ақпараттық кеңістікте жауапты мінез-құлқын қалыптастыру құқық бұзушылықтардың алдын алу және «Заң мен тәртіп» идеологемасын іске асырудың маңызды міндеті екенін алға тартты. Мамандар форум барысында интернет алаяқтықтың кең таралған түрлері, дропперлік, жеке деректерді қорғау, цифрлық технологиялар мен ЖИ саласындағы заңдылықты сақтау мәселелері туралы толық мағлұмат берді.
«Бүгінде цифрлық кеңістік күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл мәселенің көп уақытын ғаламторда әлеуметтік желі қараумен, түрлі ойын ойнаумен өткізетін балалар мен жасөспірімдерге де қатысы бар. Сондықтан интернет алаяқтық құрығына олар да жиі түсіп қалады. Кибергигиена мәдениетін және әрбір интернет қолданушының жеке жауапкершілігін қалыптастыруға ерекше мән беріледі. Осы ретте бүгінгідей іс-шаралар цифрлық ортада азаматтардың қауіпсіз әрекет ету машықтарын қалыптастыруға септік етеді», – деді Сарыарқа аудандық прокуратурасының аға прокуроры Әлихан Кусниденов.
Форумға қатысқан өзге де мамандар алаяқтардың айла-шарғылары мен олардан қорғанудың жолдарын түсіндірді.
#законипорядок #заңментәртіп