
Осы жылдың 28 ақпан мен 2 наурыз аралығында елорда аумағында «Жасөспірім» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, білім беру ұйымдарының оқушылары арасында заңсыз әрекеттердің жолын кесу, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету. Осы бағытта атқарылған жұмыстар туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Марат Өмірбаев пен Астана қаласының «Есіл» ауданы Полиция басқармасы Ювеналды полиция бөлемшісі бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Әсем Қожахметова мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері білім беру саласының өкілдерімен және өзге де мүдделі мемлекеттік органдар қызметтермен бірлесіп, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған кешенді профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу, олардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде жүруінің алдын алу, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен профилактикалық есепте тұрған кәмелетке толмағандарды тексеру жұмыстарына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу, ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамау деректерін анықтау бойынша шаралар қабылданды.
«Білім беру ұйымдарында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және оқушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған профилактикалық әңгімелер, дәрістер мен түсіндіру жұмыстары өткен.
Қабылданған шаралар ведомствоаралық өзара байланысты нығайтуға және өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етеді», – дейді спикерлер.
ЖПШ барысында аумақтық полиция бөлімшелеріне 176 кәмелетке толмаған жеткізілген. Қараусыз және қадағалаусыз қалғаны үшін 12 кәмелетке толмаған баланы Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына орналастырылған.
Профилактикалық жұмыс шеңберінде ішкі істер органдарының есебіне 18 кәмелетке толмаған және 10 қолайсыз отбасы қойылды.
Жалпы 167 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған, оның ішінде 121 дерек ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы 2-бөлігі бойынша (кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде болуы) тіркелген.
«Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасының аясында елорда билбордтарында, соның ішінде MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығы маңында, емханаларда және барлық білім беру ұйымдарында көрнекі үгіт материалдары орналастырылған.
«Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге және ересектердің балаларды тәрбиелеу мен қорғаудағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Аталған бағыттағы профилактикалық жұмыс мүдделі мемлекеттік органдармен және жұртшылықпен өзара іс-қимыл негізінде жүйелі түрде жалғасатын болады», – дейді елордалық полиция өкілдері.
#законипорядок #заңментәртіп