
Astana Hub алаңында алдағы референдумға дайындық аясында жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған сараптамалық кездесу өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Диалог алаңына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, сарапшылар қауымдастығының өкілдері, жастар ұйымдарының жетекшілері, белсенділер, спортшылар және елордалық жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Кездесуді алғысөзбен ашқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен стратегиялық құжаттарды талқылауға жастарды тарту құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудың маңызды тетігі екенін атап өтті.
«Бүгінде жас азаматтардың пікірін есту аса маңызды. Негізгі заңға енгізілетін нормалар мен құндылықтарды ертең жүзеге асыратын да жастар», – деді ол.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым саяси жаңғыру мен халық егемендігі қағидатын нығайту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, Конституция жобасы азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, қоғамдық бақылау тетіктерін күшейтеді.
ҚР Президентінің телерадиокешені директорының кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені «Уәде» жобасының авторы Ерболат Мұхамеджанұлы цифрлық дәуір жағдайында ақпараттық ашықтық пен сенімнің маңызын атап өтіп, заманауи реформалар қоғам мен мемлекет арасындағы белсенді диалогты талап ететінін айтты.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті проректоры Индира Рыстина жаңа Конституция жобасында білім мен ғылым мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының негізгі тірегі ретінде айқындалғанын жеткізді. Оның сөзінше, адами капиталды дамыту елдің бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақты болашағына тікелей байланысты.
Ассамблея жастары республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев бүгінгі жастар қоғамдық өзгерістердің белсенді қозғаушы күші екенін айтты. Оның пікірінше, Конституция жобасындағы нормалар әр азаматқа өзін-өзі жүзеге асыруға тең мүмкіндік берілетін әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрайымы Жұлдызай Ысқақова отбасы институтына қатысты түзетулер туралы қозғап өтті. Оның айтуынша, неке ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде, мемлекет тіркейтін қатынас деп айқындалады. Бұл тараптардың келісім қағидатын және отбасының құқықтық қорғалуын көрсетеді.
Талқылау барысында білім, ғылым, жастар саясаты, азаматтардың цифрлық құқықтары және азаматтық қоғам институттарын дамыту мәселелері де көтерілді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті: қатысушылар спикерлерге өзекті сұрақтарын қойып, жан-жақты жауап алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай пікірталас алаңдары жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қоғам мен мемлекеттік институттар арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді.