Қазақстанда семсерлесуден алғаш рет Әлем Кубогының кезеңі өтеді

Қазақстанда семсерлесуден алғаш рет Әлем Кубогының кезеңі өтеді

Қазақстан тарихында тұңғыш рет семсерлесуден Әлем кубогының кезеңі Астана төрінде өтеді. 26-29 наурыз аралығында елордадағы QAZAQSTAN жеңіл атлетика спорт кешенінде беделді халықаралық турнирдің жалауы көтеріледі, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Жарысқа әлемнің 96 елінен 600-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Әлем кубогының кезеңі ерлер мен әйелдер арасында жекелей және командалық сындар бойынша ұйымдастырылады.

Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан ерлер құрамасы сапында шпагадан Руслан Курбанов, Эльмир Әлімжанов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов өнер көрсетеді.

Қазақстанның Ұлттық Семсерлесу Федерациясының айтуынша, мұндай деңгейдегі жарыстарды Марракеш пен Буэнос-Айрес қалалары өткізген. Ал БАӘ, Германия, Швейцария және Канада Әлем кубогы кезеңдерін тұрақты түрде қабылдап келеді. Биыл Қазақстан алғаш рет қабылдаушы елдердің элиталық тізіміне қосылды.

«Мен семсерлесумен алғаш айналыса бастаған кезде Әлем кубогының бір кезеңі Қазақстанда өтеді деп елестете де алмаған едім. Біз үшін мұндай турнирлер әрдайым алыс елдерде – Италия, Франция, Венгрия секілді семсерлесу дәстүрі қалыптасқан мемлекеттерде өтетін, әлемнің үздік спортшылары сонда жиналатын.

Бүгін біз Әлем кубогының маңызды кезеңдерінің бірін өз елімізде қабылдап отырмыз. Бұл – ел үшін де, қазақ семсерлесуі үшін де зор мақтаныш. Мұндай ірі жарыстар жайдан-жай сеніп тапсырылмайды. Бұл – біздің деңгейіміздің мойындалғанын білдіреді. Сондықтан біз, спортшылар үшін, тек шетелде ғана емес, өз жерімізде де сол деңгейге сай өнер көрсету – үлкен жауапкершілік», – деді семсерлесуден ұлттық құраманың спортшысы Руслан Құрбанов.

Әлем кубогын Астанада өткізу – жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылықтың көрсеткіші, FIE сенімінің белгісі және Орталық Азия аймағында семсерлесуді дамытудағы маңызды қадам.