JOLTAP жобасы елорда тұрғынына кәсібін нөлден бастап ашуға көмектесті

JOLTAP жобасы елорда тұрғынына кәсібін нөлден бастап ашуға көмектесті

Елордада бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан JOLTAP жобасы астаналықтарға жаңа мамандық меңгеріп, жұмысқа орналасуға ғана емес, жеке кәсіп ашып, табысын арттыруға да мүмкіндік беріп отыр. Бағдарлама түлегі Рауан Бақтияров JOLTAP жобасы өзіне мамандығын өзгертіп, бизнес бастауға қалай жол ашқанын айтып берді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Рауан жоба туралы ойламаған жерден біліп қалған. Ол Қабанбай батыр даңғылы, 21 мекенжайында орналасқан «Азия Парк» СОО жанындағы «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктіне барып, өзін жаңа салада сынап көрмек болыпты.

Оның айтуынша, бұған дейін түрлі бағытта еңбек еткенмен, онлайн-саудамен айналысып көрмеген.

JOLTAP аясында ол 2025 жылдың желтоқсанында онлайн-сауда бойынша оқудан өтіп, 2026 жылдың ақпанында «Шағын бизнестегі есеп және салық салу» курсын тәмамдаған. Көп ұзамай Kaspi.kz платформасында жеке дүкенін жаңадан бастап іске қосқан.

Оның айтуынша, сабақтар білікті оқытушылардың жетекшілігімен жайлы әрі достық атмосферада өткен.

«Материал түсінікті тілде жеткізілді, оқу үдерісі еркін әрі қолайлы жағдайда ұйымдастырылды», – дейді ол.

Рауан курстар тек теориялық білім беріп қана қоймай, бүгінде іс жүзінде қолданып жүрген нақты практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Өте жақсы әсерде қалдым. Жазылғаныма қуаныштымын – көп жаңа дүние үйрендім. Қазір Kaspi-де дүкен ашып, алған білімімді тәжірибеде пайдаланып жүрмін», – дейді ол.

Сондай-ақ Рауан алдағы уақытта да JOLTAP аясында білімін жетілдіріп, сауда мен бизнеске арналған жасанды интеллект курстарынан өтуді жоспарлап отырғанын айтты.

Оның пікірінше, жоба жаңа салада өзін сынап көруге, кәсіби дағдыларды дамытуға және өз күшіне сенімді болуға жол ашады.

«JOLTAP курстарын достарыма да ұсындым, олардың кейбірі қазірдің өзінде жазылып үлгерді. Жоба жастарға өз жолын тауып, таңдаған бағыты бойынша маман атануға мүмкіндік береді. Бағдарламаға қатысу жаңа көкжиектер ашты», – деп түйіндеді ол.

Еске сала кетейік, қысқа мерзімді оқу бағдарламасы Астана қаласының 16-49 жас аралығындағы тұрғындарына қолжетімді. Курсты аяқтаған қатысушыларға сертификат беріледі. Кеңес беру «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктерінде күн сайын жүргізіледі.