
«Астана Арена» стадионында «Қайрат» пен «Тобыл» командалары арасындағы матч барысында конституциялық реформаларды қолдау мақсатында патриоттық акция өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Матч жанкүйерлердің басын қосып қана қоймай, ерекше спорттық оқиғамен қатар азаматтық белсенділік пен маңызды мемлекеттік бастамаларды қолдау алаңына айналды.
Акция қатысушылары бірлік пен патриотизмді, конституциялық құндылықтарға адалдықты білдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде жайып шықты.
Сондай-ақ конституциялық реформаларды қолдауға арналған тақырыптық перформанс өтті. Азаматтық ынтымақ пен елді жаңғырту бағытын қолдау мақсатында «Жаңа Конституция үшін» деген жазуы бар баннер көпшілікке ұсынылды.
Айта кетейік, елордада жаңа Конституцияның ережелерін түсіндіру аясындағы іс-шаралар кешені жалғасып жатыр.
Кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдеріне, еңбек ұжымдарына және қала тұрғындарына арналған кездесулер ұйымдастырылып, ақпараттық сағаттар, ашық диалогтар және қоғамдық талқылаудың өзге де форматтары өткізіліп жатыр.
Бұл бастамалар конституциялық реформалардың мәні мен маңызын халыққа жан-жақты түсіндіруге бағытталған.