
Астана қаласында күрес түрлерінен жасөспірімдер (U17) және жастар (U20) санатында өтіп жатқан Қазақстан Республикасының чемпионатының алғашқы күнінде грек-рим күресінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Чемпионат қорытындысы бойынша елордалық балуандар екі қола медаль жеңіп алды. Жасөспірімдер арасында 60 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Сұлтан Мәулітқанов пен жастар арасында 87 келіде белдескен Қайсар Қайрат тұғырдың үшінші сатысына көтерілді.
Біріншілікке еліміздің барлық өңірінен 1200-ден астам жас балуан қатысуда. Бұл – жас спортшылар үшін өз шеберліктерін дәлелдеп, үлкен спортқа жол ашатын маңызды дода. Әр салмақ дәрежесінде топ жарған спортшылар Қазақстан құрамасының сапына қосылып, халықаралық және ресми чемпионаттарда ел намысын қорғайтын болады.
Айта кетейік, ел біріншілігі алдағы күндері әйелдер күресі мен еркін күрес бәсекелерімен жалғасады. Қазақстан чемпионаты Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешені ғимаратында өтуде.