Астанада «Алғыс жүректен шыққан сөз» атты мерекелік іс-шара өтті

Астанада «Алғыс жүректен шыққан сөз» атты мерекелік іс-шара өтті

Астанада Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Алғыс жүректен шыққан сөз» атты мерекелік іс-шара өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Мерекелік кеш концерт форматында ұйымдастырылып, Орталық зейнеткерлері көктем мерекесі қарсаңында өз өнерлерін көрсетті. Алғыс айту күніне арналған концерттің басты мақсаты – Қазақстанды ортақ үйіміз ретінде құрметтеуге шақыру, түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің достығын, өзара сыйластығы мен бірлігін нығайту болатын.

«Алғыс айту күніне орай мерекелік концерт ұйымдастырып отырмыз. Орталыққа жиі келетін ардагерлер өнер көрсетеді. Басқа этнос өкілдері қазақ халқына алғыстарын айтады. Орталыққа келушілер саны төрт мыңнан асады. Барлығы бір-бірлерімен тату-тәтті араласып тұрады. Ардагерлердің мереке қарсаңындағы көңіл күйлері тамаша, біз де соған қуанып тұрмыз», – дейді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының басшысы Роза Байсалбаева.

Концерттік бағдарламада «Жасар» дефиле клубының көрсетілімі, «Ата толғауы» домбырашылар ансамблінің музыкалық нөмірі, халық билері және өзге де шығармашылық қойылымдар ұсынылды. Сонымен қатар, іс-шараға қатысушы өзге этнос өкілдері де жүрекжарды алғыстарын білдіріп, мерекелік кештің сәнін келтірді.