
1 наурыз – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне орай елімізде Алғыс айту күні аталып өтеді. Осы мерекеге байланысты елорданың Достық үйінде «Алғыс айту күні: диалог мәдениеті және қоғамдық келісім» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Кездесудің мақсаты – қоғамдағы өзара сыйластық, сенім және бірлік құндылықтарын насихаттау, этносаралық келісімді нығайту және жастардың азаматтық белсенділігін арттыру.
Іс-шараға этномәдени бірлестіктердің мүшелері, ақсақалдар кеңесі, Ғылыми-сарапшылар тобы, Аналар кеңесі, сондай-ақ «Ассамблея Жастары» жастар ұйымының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында спикерлер мен сарапшылар баяндама жасады, мерекенің тарихи мәнін және алғыстың қоғамдағы бірлік, өзара сыйластық пен сенімді нығайтуға ықпал ететін маңызды моральдық құндылық ретіндегі рөлін талқылады.
Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Нурдаулет Әлмұханов Алғыс айту күні жалпы тарихқа құрмет, ризашылық пен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті түсіну күні екенін атап өтті.
«Біз ризашылықты тек сөз ретінде түсінбеуіміз керек. Бүгін ол Ассамблея аясында жүзеге асырылатын қайырымдылық іс-шаралары мен нақты бағдарламалармен тығыз байланысты. Бұл – қоғамға пайда әкелетін нақты бастамалар. 2024-2025 жылдары елордалық Ассамблея мұқтаж жандарға 85 млн теңге көлемінде көмек көрсетті.
Ассамблея мүшелері балалар мен білімді қолдауға бағытталған бастамаларға да үлкен қолдау көрсетті. Мысалы, «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында елордалық ҚХА қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, 100-ден астам балаға мектеп сөмкелері мен оқу құралдарын табыс етті. Іс-шара Аналар кеңесі мен «Жомарт жан» орталығының белсенді қолдауымен өткізіліп, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардағы балаларға оқу жылына дайындықты тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік берді.
Біз мұны есеп үшін емес, бір-бірімізге сыйластық көрсетіп, өзара көмекке құштар екенімізді көрсету үшін жасаймыз. Көптеген іс-шара Аналар кеңесі мен медициналық қауымдастық өкілдерінің белсенді қолдауымен өтетіні маңызды. Бұл тиімді көмек көрсетіп, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді. Міне осының бәрі – алғыс пен бірліктің біздің басты құндылықтарымыз екендігінің дәлелі», – деді ол.
Астана қалалық мәслихаты депутаты, құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша тұрақты комиссияның төрағасы Владислав Сергеев мұндай кездесулер қоғамның бірлігінің айқын көрінісі екенін атап өтті.
«Әрбір этнос қоғамдық процестерге, талқылауларға, кездесулерге белсенді қатысады. Диалог бар және қолдау көрсетіледі, ал ұсыныстар жаңа даму кезеңіне бағытталған», – деді ол.
Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры Зулфұхар Ғайыпов мерекенің рухани мәнін атап өтті.
«Бүгін біз ерекше рухани мереке – Алғыс айту күніне орай жиналдық. Бұл – ризашылық пен мейірімділік, сыйластық пен келісім мерекесі. Ризашылық – шынайы сезім, ең асыл қасиеттердің бірі», – деді ол.
Іс-шараға сондай-ақ Астана қаласындағы «Ассамблея Жастары» өкілдігінің жетекшісі Лариса Пак қатысты.
«Менің ата-бабаларым қазақ жеріне өз еркімен емес, туған елінен жер аударылып келген. Бірақ дәл осында олар тек өмір сүру орны ғана емес, жаңа Отан тапты. Отбасым жүз жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның дамуына адал еңбек етті. Мұндай отбасылардың қатары мыңдаған десе де болады. Қиын кезеңдерде Қазақстан мен қазақ халқы мейірімділігін көрсетті. Жер аударылып келгендерді түсіністікпен қарсы алып, соңғы нанына дейін бөлісіп, тірі қалуына көмектесті. Осы қолдаудың арқасында Қазақстан корей халқы үшін туған Отанына айналды. Бүгін елімізде 100-ден астам этнос бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр. Бұл – өзара сыйластық пен көмек дәстүрлері мен даналық саясаттың нәтижесі», – деді Лариса Пак.
Сонымен қатар іс-шара барысында «Әділетті Қазақстан» республикалық ғылыми-инновациялық орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты, ҚР құрметті журналисі Мағжан Садыханұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Айман Азмұханова, сондай-ақ «Polacy» ҚҚ төрағасының орынбасары Феликс Дульский сөз сөйледі.