
Елорданың Полиция департаменті оқушылардың қауіпсіздігі мен қорғалу деңгейін арттыру мақсатында қалалық Білім басқармасымен бірлесіп, білім беру нысандарындағы бейнебақылау жүйелерін полицияның Жедел басқару орталығына қосу жобасын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Полиция департаментінің мәліметінше, бүгінде Жедел басқару орталығына қаладағы 230-дан астам білім беру мекемесінің бейнебақылау камералары мен дабыл түймелері қосылған. Жалпы алғанда, балабақшаларда, мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында орнатылған 9 300-ден астам камера бақылауда тұр.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын бұзудың 170-тен астам дерегі анықталған. Биыл жыл басынан бері осындай 25 жағдай тіркелді. Жедел әрекет ету оқиғалардың алдын алуға және білім беру ұйымдарының оқушылары мен қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Техникалық жедел әрекет ету құралдарымен қатар, полиция нақты уақыт режимінде білім беру нысандарындағы ахуалды бақылап отырады.
Мектептер мен балабақшаларға іргелес аумақтардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылады. Оқу орындарының маңындағы жол-көлік желісіне тексеру жүргізіліп, жаяу жүргіншілер өткелдерінің, жол белгілерінің және жарықтандыру жүйесінің жағдайы қаралады. «Мектеп – үй» бағытындағы оқушылардың жүру маршруттары талданып, ықтимал қауіпті учаскелер анықталып, оларды қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру бойынша шаралар қабылданады. Сонымен қатар мектеп автобустарының техникалық жай-күйі мен балаларды тасымалдау талаптарының сақталуы бақылауға алынған.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, буллинг пен бопсалауға қарсы іс-қимыл, оқу орындарының маңындағы ықтимал қауіпті жағдайларды анықтау, сондай-ақ мектеп әкімшіліктері мен әлеуметтік қызметтермен өзара байланыс тұрақты түрде жүзеге асырылады. Оқушылар мен ата-аналарға құқықтық сауаттылықты арттыру, жеке және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Қабылданып жатқан барлық шаралар полицияның тұрақты бақылауында.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысы жүйелі сипатқа ие. Оқу мен дамуға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – полиция, білім беру ұйымдары, ата-аналар және жалпы қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі.